Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз үшін үлкен жеңіс болатын": Елбасы Қазақстан шекарасын қалай бекіткенін сөз етті

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Штрихи к портрету" деректі фильмінде еліміздің шекарасын бекітуде көрші мемлекеттермен қалай келіскенін айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Нақты сызылған және келісілген шекарасы жоқ мемлекетті тәуелсіз деп айтуға келмейді. Мәселен, Қырғызстан мен Тәжікстан арасында келісілмеген шекара салдарынан екі ел қырғи-қабақ болып отыр. Әзербайжан мен Арменияда да осы жағдай. Бұған тағы бірнеше мың мысал келтіруге болады", – дейді Назарбаев. 

Ол шекара бектіту мәселесі ұзақ жылдарға созылғанын сөз етті. Айтуынша, Қытаймен келісімге келуде Тоқаевтың рөлі жоғары болған. 

"Қытаймен шекараны айқындап алдық. Бірақ біраз шақырым жерді бөлу қиынға соқты. Себебі айқын көрсетілген карта жоқтың қасы еді. Көп жерлерді зерделедік, пайдалы қазба бар ма, жер дала ма әлде тас-құм ба барлығын қарадық. Ол жаққа қой бағу ыңғайсыз еді. Бірақ жердің аты жер ғой, көп ойландық. Келіссөздер жүргізген делагацияның құрамында Тоқаев та болды. Басқаларына қарағанда өз жұмысын жақсырақ жүргізді. Әйтеуір, бір келісімге келіп, шекараны бекіттік", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Елбасы Ресей мен Қазақстанның шекараны айқындауы – екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсті дейді. 

"Қытай мен Кеңес Одағы төрт рет әртүрлі шешім шығарған. Бұл құжаттардың барлығын қайта көтеру керек болды. Қанша тер төгіп, ұзақ жұмыс істедік, ақырында Владимир Путинмен шекарамызды бекіттік. Сол кезде: "Егер сіз болмасаңыз, шекара айқындау ұзаққа созылып кетер еді" деп айтқаны есімде. Бұл үлкен жеңіс болатын, біз шекара бекіту туралы құжатқа біраз журналистің көзінше қол қойдық. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсті", – деді Елбасы. 

Оның сөзінше, Өзбекстанмен шекара бекіту де қиынға соққан. 

"Өзбекстанмен мүлдем қызық жағдай болды: мұнда бір үйдің жатын бөлмесі өзбектер жақта, ас бөлмесі Қазақстанда орналасқанын білдік. Бұдан бөлек, тек қазақтар тұратын ауыл Өзбекстанда орналасқан, бірақ ауылдықтар Қазақстанда тұрғысы келетін болып шықты. Осындай жағдайлар көп болды. Енді не істейміз? Сол сәтте Өзбекстан президентімен ауылды дөңгелетіп сызып алайық, саған да осындай бір жер беремін деп келістім. Міне, мәселені осылай шештік. Тағы бір айта кетерлігі, Мақтаарал ауданы Өзбекстан аумағына тиіп тұрған болатын. Сосын Шардара су қоймасының бөгеті шекараның ар жағында орналасқан екен. Сол кезде су қоймасы бізде қалсын, қалғанын ала бер дедім. Осылайша келісімге келдік", – деді Назарбаев. 

Бұған дейін Елбасы Қазақстанның Ресей және Қытаймен байланысы туралы сөз қозғаған болатын. 


Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанға аяушылық білдіріп, демократия туралы сөз қозғады

Талқылау