Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз Ресейге емес, ҰҚШҰ ұйымына жүгіндік": Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде ресейлік әскерилерді шақыру қаншалықты дұрыс шешім болғанын түсіндірді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну шешімі туралы айтты. Сонымен қоса ол көрші елдерде жиі айтылатын мем­лекетті сол кезде Ресей құт­қарып қалды деген пікірге түсінік берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Егемен Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Аймақтарда жаппай тәртіпсіздік белең алған сәтте “жергілікті биліктің дәрменсіздік танытқанын” айтқан Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдағанын айтады. Президенттің сөзінше, Қазақстан оның бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұраған.

“Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік.

Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақ­стан төрағалық етеді. Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқа­рып, қасіретті күндерде елді жайла­ған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше-мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды”, – деп атап өтеді Тоқаев.



Мемлекет басшысы ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкес­тікке қарсы операцияларға қатыс­пағанын, бірде-бір оқ атпағанын атап өтеді. Сондай-ақ ол Алматыда Қаңтар кезінде ҰҚШҰ әскерлері қандай нысандарды күзеткенін айтып өтті.

“Армения жасағы "Ақсай" нан зауытын және "Алматы су" мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродром­ды, Тәжік­стан мен Қыр­ғыз Респуб­лика­сының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті. Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмыл­дыруға мүмкіндік туды”, – дейді ол.

Талқылау