Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз онсыз да қиын жағдайда жұмыс істеп жатырмыз": Кәсіпкерлер қаржы министрінің шешіміне қарсы шықты

Қазақстанда кәсіпкерлікті тексеруге мораторий алынып тасталуы мүмкін. Осы уақыт ішінде кәсіпкерлер тыныш жұмыс істеп, тексерушілердің кенеттен келуінен қорғалған болатын. Қаржы министрлігі бұл тыйымды жойып, мемлекет қазынасына түсетін түсімді ұлғайтатын уақыт жетті деп санайды. Алайда кәсіпкерлердің басым көпшілігі елдің бас қаржыгері Ерұлан Жамаубаевтың бұл ойын қолдамайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Аstana арнасына сілтеме жасап.

Кәсіпкерлер бұл шешім шағын кәсіпкерліктің мүлдем жойылуына немесе көлеңке аймаққа ығысуына алып келетініне сенімді. Ал Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мұның ел бюджетіне оң әсер ететінін айтады. Шағын кәсіпкерлер қайтадан төлемнен жалтарғаны үшін салық немесе айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Бұл арада ол кейбір кәсіпкерлер мораторийді жеке мүддесі үшін пайдаланып отыр деп есептейді.

"2020 жылы енгізілген тексерулерге үш жылдық мораторий кассалық тәртіпті төмендетіп жіберді. Кейбір кәсіпкерлер бұл бастаманы салықтан жалтару мүмкіндігі деп қабылдады. Осыған байланысты біз шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторийді алып тастау мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Тұтастай алғанда, ұсынылған шаралар мемлекеттік бюджет кірістерінің ұлғаюын қамтамасыз етеді", – дейді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Бірақ Қаржы министрінің отставкасын талап еткен кәсіпкерлердің өздері мұнымен мүлдем келіспейді. Ерулан Жамаубаевтың бұл орынға келуімен бизнес баяу, бірақ табанды түрде төменге құлдилап келе жатыр деп санайды олар.

Қазақстан сауда кәсіпорындар бірлестігінің президенті Жібек Әжібаеваның айтуынша, кәсіпкерлер қазір онсыз да бұзушылықтың алдында жұмыс жасап жатыр.

"Біз қазір қиын жағдайда жұмыс жасап жатырмыз. Қысымның күшеюімен бизнестің қарқынына тосқауыл қойып, көлеңкеге жылжуға мәжбүрлеп жатыр. 2015 жылы 215 мың тексеру, ал 2020-да 400 мыңнан астам тексеру болған. Демек, бұл пандемия мен дағдарыс кезінде екі есеге артқан деген сөз", – дейді ол.

Тексерулер ең алдымен шағын және орта бизнеске әсер етеді. Бұл барлық кәсіпкерлік субъектілерінің 90%-ына қауіп төніп тұрғанын білдіреді. Сонымен қатар коронавирус пен оның шектеулеріне байланысты жүз мыңнан астам кәсіпорын жабылып қалған. Ұлттық кәсіпкерлерді қолдау палатасы мораторийді алып тастау президенттің тапсырмасына қайшы келеді деп санайды. Оның үстіне, Жамаубаевтың бюджет кірістерінің күтілетін өсуі де мүмкін болмайды дейді олар. Себебі кәсіпкерлердің салық сөлейтін ақшалары жоқ.

"Олар мүлдем табыс салығын төлеуден босатылған, мөлшерлеме – 0%. Тиісінше, олар әкімшілікті күшейтсе де, олар тиісті салықты жинай алмайды. Ең қиын жол, кәсіпкерлікті дамытуға ынталандыру және салық базасын ұлғайту. Бұл тез жүзеге аспайды бірақ дұрысы осы", – дейде "Атамекен" ҰКП-ның жауапты хатшысы Асқар Қысықов.

Соңғы шешімді әлі де президент қабылдайды. Кәсіпкерлер мемлекет басшысы олардың алаңдаушылығына құлақ асып, тыйымды орнында қалдырады деп үміттенеді.

Ақберен Амангелді
Жұма, 03 Қыркүйек, 2021 09:52
Талқылау