“Біз оны қинаған жоқпыз”: Жетінші қабаттан құлап кеткен Ақнәрдің жанында болған құрбысы оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтып берді
Видеодан скрин
Алматыда жетінші қабаттан құлап көз жұмған Ақнәр Хамитованың жанында болған құрбысы оқиға туралы өз нұсқасын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі журналист Руслан Өтепбайдың YouTube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиғаның барлығы Дидардың жалдамалы пәтерінде болған. Ол Ақнәрдің өліміне қатысты өз нұсқасын айтып бермек болып сұхбатқа келген. Алайда Дидар бетпердемен шықты.
"Бұл істің басталғанына он ай болды. Ақнәрдің туыстарымен сөйлеспек болдым, бірақ сөйлесе алмадым. Мен заңға, полицияға сендім, адал шешім болады деп ойладым. Резонанс болмаса, сұхбат бермес едім”, – дейді ол.
Дидар Ақнәрді төрт жылдан бері білетінін, жатақханада бірге тұрғанын алға тартты.
"2021 жылы KИМЭП университетінің жатақханасында бірге тұрдық. Қаржыгер мамандығы бойынша университетті бітірдім. Ақнәр университет бітірмеген. Ранамен де сол жерде таныстым. Мен 25 жасқа келемін. Рана 21, Ақнәр 23 жаста. Жатақханада сабақтан бөлек, бірге тамақтанып, бос уақытымызды бірге өткізетінбіз. Менің және Ақнәрдің жігіті бар, Рананың жігіті жоқ”, – дейді ол.
Дидар оқиға болмастан бір күн бұрын қыздармен жиналғанын, ертесіне Рана да, Ақнәр да үйіне келгенін айтты.
"Оқиға болған күні мен өзімнің жалдап тұратын пәтерімде болдым. 2024 жылы 18 шілде күні Ақнәр хабарласып, Рананың анасына көңіл шай берейік деді. Ресторанға бардық. 19 шілде күні маған Ақнәр хабарласып, “Не істеп жатырсың? Саған барайын, ішімдік ішейік деді”. Мен іше алмайтынымды, тек біраз сыра ішейік деп айттым. 18 күні көп тамақ қалған соң 19 шілде соны жейміз деп ойладық. Ақнәрға қарыз берген едім. Ол тауар алып келдім, сендерге сыйлық ретінде берейін деді”, – дейді ол.
Дидардың айтуынша, Ақнәр 19 шілде күні ішімдік ішейік деп өзі қолқа салған.
"Қыздар кешкі сегіз бен тоғыздың арасында үйге келді. Екеуі бірге келді. Қыздар келмей тұрып, бір сағат бұрын азаматтық некедегі күйеуім Данияр үйден шығып кетті. Екі қыз үйге келмес бұрын, Ақнәр маған хабарласып, сыраға тапсырыс берші деді. Олар үйге келгенде мен тамақтарды ысытып, дайындап қойған едім. Қыздар қонамыз деп киімдерін ауыстырды. Түнгі бірге дейін тамақтанып, әңгімелесіп отырдық. Кейін залға барып, сыра ішіп, биледік. Ақнәр 1-2 сыра ішті. Ақнәр нақты сыра ішті. Өз көзіммен көрдім. Сараптама қорытындысына сәйкес, менің қан құрамымда спирт анықталды. Ақнәрдан неге анықталмағанын білмеймін. Біз сыраны бөліп іштік”, – дейді Дидар.
“Өзін-өзі ұрып, жылай бастады”
Айта кетейік, сараптама қорытындысына сәйкес, Ақнәрдің қанынан спирт анықталмаған, ал қалған екі қыздың қанынан спирт анықталған. Алайда Дидар Ақнәрдің да сыра ішкенін алға тартты.
"Ән қойып, биледік. Ақнәр теледидарды билеп жатып, құлатып жіберді. Теледидардың беті сынып қалды. Мен төле деп айтпасам да, “басымда көп қарызым бар, мұны төлей алмаймын" деді. Мен қанша қарызың бар деп сұраған едім, “2 миллион теңге қарызым бар, каспийден анама хабарласып жатыр” деді. Қарызыңды мен берейін, маған кейін қайтарасың дедім. Сосын он минуттың айналасында өзін-өзі ұрып, жылай бастады. Ұйықтап жатқан жерінен атып тұрып, өзін ұрып, жылады. Ұйықтағанда жай жатқан екен. Ақнәр менің қойнымда жатты. Өзін-өзі ұрды. Біз қой дедік. Себебін айтқан жоқ. Біз жұбатпақ болдық, бізді жанына жолатқызбады, шапалақпен ұрды. Сөзбен жұбаттық. Кейін басын, денесін қатты ұра бастады. Ақнәр себепсізден Рананың анасын боқтады. Намаз оқыды, айқайлап, өзін ұрды”, – дейді Дидар.
Дидар желіде жарияланған видеоларда Ақнәрді қинамағандарын, керісінше осылайша жұбатпақ болғанын айтты.
“Асқар деген – Рананың әкесінің аты. Рананың әкесін, үй ішін боқтады. Ақнәр өзін-өзі ұрып жатқан соң, осылай жұбаттық. Боқтап жатқан жерін түсіре алмадым. Тағы бір видео бар”, – деді ол.
Дидар Ақнәрдің тағы бір видеосын телефонынан көрсетті. Алайда видеода боқтық сөз болған жоқ. Оған қоса видеодағы кадрдан тәпішкенің астындағы дақ байқалған. Журналист мұның не дақ екенін де сұрады.
“Не себепті сұрап жатқанын білмеймін. Тәпішкедегі қызыл дақ – 3-4 ай бұрынғы қарбыздың ізі. Қонақтар киетін аяқкиім болған соң, бұл тәпішкені қыздардың біреуі киіп жүрген. Қазір қайда екенін білмеймін”, – деді ол.
Ол ешкімді қинамағанын, Ақнәр өзін-өзі ұра бастағанын айтты.
“Видеода біз қинап жатқан жоқпыз. Қолымды басын соғып алмасын деп, мойнының астына қойдым. Осы видеодан кейін Ақнәр орнынан тұра қалып, Рананың шашын жұлды. Мен ажыратпақ болдым. Ақнәрдің тырнағын ертеңіне даладан, жерден көрдім. Шашын білмеймін. Екеуі бір-бірін жұлған шығар. Төрттерге қарай полицейлермен шыққан кезде Ақнәрдің денесі жоқ еді. Бірақ адвокат екеуіміз тырнағы жатқанын көрдік. Суретке түсірген жоқпын. Алдыңғы есікпен шығып көрдік. Кейін полицейлер артымен жүрсін деді. Біз далаға шыққанда жарық еді. Ал құлаған сәтте қараңғы болатын. Тырнақ туралы ақпаратты адвокатқа айттым. Бірақ ол ешнәрсе атпады. Не себептен алмағанын түсінбедім. Биіктен құлағаннан сынған шығар. Бас бармағы жұлынып кеткен”, – дейді Дидар.
“Ақнәр Рананы тістеп, бетінен жұлып жатты”
Артынша Дидар дәретханаға кіріп кетіп, Ақнәрдің әпкесіне хабарласқан.
"Видеоны өз телефоныма түсірдім. Бұл видеоны Ақнәрдің әпкесіне жібердім. Сосын “Ақнәр Рананы өлтіріп жатыр, дереу келіңіздер” дедім. Себебі залда көрген көрінісім сол еді. Ақнәр Рананы тістеп, бетінен жұлып жатты. Сосын әжетханаға кіріп кеттім, полиция шақырмақ болдым. Әпкесі мына аудионы естіп, бірден хабарласып, “қазір келемін” деді. 02.40-та полицияға хабарластым”, – дейді ол.
Алайда Дидар полицияға емес, жедел жәрдемге хабарласқан болып шықты.
“Жедел жәрдем мен полицияға хабарластым. 103-ке айттым. 102-ге хабарласпадым. Екі жақтан хабарласқандықтан, есім шығып кетті. Көршілерім жоқ, ол қабатта жалғыз тұрамын деп ойладым. Полиция келеді деп ойладым. Мен Ақнәрдан қорықтым. Бұрын Ақнәрдің жатақханада пышақ алып, адамдарды қуалағанын естігенмін, көрмедім”, – деді ол.
Алайда университет түсініктемесінде Ақнәрдің бұл жылдар аралығында ешқандай мәселе болмағанын, тәртібі жақсы болғанын, оқу үлгерімі жақсы екенін айтып хат жолдаған.
Дидар әрі қарай оқиғаның қалай өрбігенін айтты.
“Мен дәретханада болған кезде екеуі шулап жатты. Ақнәр "ұқтың ба” деп айқайлап жатыр. Артынша екеуі бірге айқайлады. Видеоны түсіріп алдым да, қайтадан дәретханаға кіріп кеттім. Ақнәр құлаған кезде дәретханада болдым. Өзі секірді деп ойлаймын. Құлағанын, секіргенін көрмедім. Бірақ бұрыннан бері өзін-өзі өлтіруге тырысқан кезі болды. Біздің пәтерде секірмек болған видеосы бар. Жатақханада да сондай оқиға болыпты. Бірақ секіріп кеткенін өз көзіммен көрмедім. Рана көрген болуы мүмкін. Құлаған кезде қасында Рана болды. Ранадан сұраған кезде айтқаны: екеуі залда төбелесіпті, Рана ас бөлмесіне қашқанда, артынан Ақнәр еріп барған, ары қарай тағы ұрған. Дәл сол уақытта Рана екінші туалетке қашып кірген, артынан Ақнәр секірген”, – дейді ол.
“Терезеден секіргенде біз дәретханада болдық”
Дидар Ақнәрдің құлап бара жатқан видеосында ешқандай адамның сұлбасын байқамағанын айтты. Ол үшінші құрбысы да дәретханаға тығылып қалғанын, ары қарай не болғанын білмейтінін жеткізді.
“Дәретханадан шыққан кезде үйдің іші тып тыныш еді. Екінші туалеттен дауыс шықты. Дәретханада кім отыр деп сұрадым. Рана есікті ашты. Дәретхананың ішінде еді. Шошынып қалғаны байқалды. Ақнәр қайда деп сұрағанымда білмеймін деді. Сосын полиция келіп, секіріп кеткенін айтты. Екеуімізді диванға отырғызып, сұрақ қойып, қызыл ұнтақ септі. Адвокатым келді. Секіріп кеткенін естіген соң, ағама хабарластым, ол кісі адвокат жіберді. Сол жерде Рана отырды. Ол кезде Рана жылап отырды. Мен жыламадым. Рана маған көрмедім деп айтты”, – дейді Дидар.
Сонымен қатар Дидар Қазақстаннан бірнеше айға кетіп қалғанын, кеткен кезде ешқандай шектеу болмағанын жеткізді.
“Осы оқиғадан соң Ақнәрдің үйіндегілер маған хабарласып, боқтады. Мен баруға қорықтым. Өйткені мені қорқытты. Құрбым қайда жерленгенін білмеймін. Оқиғадан кейін төсектен тұра алмай жыладым. Оқиғадан соң бөлмеден не алғанын білмеймін. Кейін бізді полицейлер алып кетті. Ол жақтан шығып, жігітімнің үйіне бардым. Оқиға болған үйге заттарымды алуға бардым. 25 күні сол үйді апарып тазалатып, көшіп кеттім. Пәтер иесі ешнәрсе сұраған жоқ. Іс біткенше, елден шығуға болмайды деп айтпады. Тоғызыншы айда Қытайға кеттім. Он бірінші айда Қазақстанға келген кезде неге шектеу бар деп сұрады”, – деді Дидар.
Артынша журналист 13 сәуір күнгі Ақнәр мен Дидардың кездесуі туралы сұрады.
"13 сәуір күні Ақнәр екеуіміз ресторанда кездесіп, тамақтандық. Сосын Ақнәр үйіме келді, қонамын деді. Сыра ішкісі келді. Екеуіміз іштік. Ақнәр масайып, қайтамын деді. Бұрынғы жігітімнің қазіргі қызына барамын деді. Мас болған соң, шығармадым. Ұлбақ болған үйде, бауырым”, – дейді Дидар.
Журналист 5 сәуір күнгі Ақнәр мен Дидардың хабарламаларын оқыды. Ол жерде Ұлбақтың басқа біреумен жыныстық қатынасқа түскені айтылған.
“13 сәуір күні Ақнәр кетемін деді, жылады, секіргісі келді. Мен әпкесіне хабарластым. Мас болған соң, үйіндегілер алып кетсін деп ойладым”, – дейді ол.
Сол күні Дидар Ұлбақ пен Ақнәрдің арасында болған оқиғаны видеоға түсірген. Алайда Дидар бұл оқиға туралы сұрақ қойылғанда сұхбат беруден бас тартты.
Айта кетейік, бұған дейін марқұм Ақнәр Хамитованың анасы Гүлстан Хамит қызы өзі құлап қаза болды дегенге сенбейтінін жеткізген еді. Ол 14 мамырда журналистерді жинап, қызын құрбылары азаптап өлтірді деген күдігі барын айтып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бас прокуратурадан тергеудің әділ жүргізілуін талап еткен еді.
23 мамыр күні өткен баспасөз мәслихатында оқиға күні үйде болған қыздардың бірінің адвокаты Жандос Палманов оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты.

"Артында төрт баласы қалды": Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған азаматтың отбасы 5 жылдан бері пәтер ала алмай жүр
