Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз, мұсылмандар, әрқашан бейбітшілікті үндейміз": Мобилизациядан қашқан Қырым татарлары Қазақстандағы Украина елшілігінің алдына жиналды

Қырымнан Ресей арқылы Астанаға келген жүздеген адам Украинаның Қазақстандағы елшілігінің алдына жиналды. Олардың көпшілігі үшінші елдерге бару үшін халықаралық төлқұжат алуды жоспарлап отыр. Олардың кейбіреулері үшін 2014 жылға дейін берілген Украинаның шетелдік төлқұжатының жарамдылық мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Кырым татар 2022

Видеодан жасалған скрин

Қырымнан келгендер (көпшілігі қырым татарлары) соғыспау үшін және өздері де қаза таппас үшін кетуге мәжбүр болғанын, өйткені мобилизация Ресей басып алған Қырымға да әсер еткенін айтады.

"Біздің арамыздағы көпшілігінің соғысқысы келмейді. Біз, мұсылмандар, әрқашан бейбітшілікті үндейміз. Біреуді өлтіріп жатса тыныштықты қалай уағыздайсың? Онда (Украинада) бейбіт тұрғындар өліп жатыр, азаматтық инфрақұрылым жойылуда. Мұсылмандар осылай жасай ма? Сол себепті көпшілігі бұдан бас тартты. Бірақ Қырымдағы адамдар Ресейдегі азаматтар секілді таңдау құқығынан ада", - дейді қауіпсіздік мақсатында атын атамауды өтінген ер адам.

Ол Қазақстан арқылы өтіп бара жатқанын, әрі қарай Өзбекстанға баруды жоспарлап отырғанын айтады, оған ағасы хабарласып, жұмысқа шақырған.

"Мен өзімнің бауырларыма барып қайтсам деймін, оның ішінде ағам да бар. Ол жақта қанша уақыт тұрақтайтынымды білмеймін. Менің отбасым Қырымда қалды. Олар үшін қатты алаңдаймын, оларды қатты жақсы көремін. Қазақстан алғашқы күннен бастап-ақ ұнады", - деп қосты азамат.



Атын атамауды өтінген Қырымнан келген тағы бір азамат ата-анасының Қырымда қалғанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде көптеген елдердің, соның ішінде еуропалық елдердің елшіліктері оларды қабылдаудан бас тартқан.

"Егер Украина қабылдамаса, дұрыс болмас еді. Біз балаларымызбен келдік. Өз отанымыздың қақпасының алдында тұрмыз. Біз Ресейді отанымыз деп санамаймыз, ол бүкіл әлемге зиянын тигізген, әлі де зиянын тигізіп жатқан басқыншылардың елі. Егер бәрі жақсы болса, біз кетпес те едік. Біз өте көппіз. Көптеген адамдар Еуропаға, Түркияға барғысы келеді. Әйелім екеуміз Еуропаға барғымыз келеді, өйткені украиналық біліміміз бола тұра Ресейде ол бойынша жұмыс жасамаймыз. Бізге алға жылжу үшін көмек керек", - дейді ол.

Настоящее время басылымына сұхбат берген Қырым азаматтары 21 қыркүйектен бастап әртүрлі жастағы ер адамдарды әскер қатарына күштеп алып кеткенін айтқан. Шақыру тіпті әскери қызмет өткермеген және жауынгерлік тәжірибесі жоқ адамдарға да келген.

"Өз бауырларымызға қарсы қалай соғысуға барамыз? Ол жақта – Украинада біздің туыстарымыз бар. Сондықтан әзірге мүмкіндік болып тұрғанда құжат туырлаймыз. Әрине бізге өте қиын, бұл жерге жету үшін бір апта уақыт жолда болдық", - дейді Динара есімді Қазақстанға бас сауғалап келген Украина азаматы.

Украина Еуропалық Одақ елдерімен визасыз келісім шартқа отырған. Алайда Ресей басып алған аумағында өмір сүрген Қырым татарлары үшін украиналық төлқұжатсыз ЕО-ға баратын жол жабық, бірақ олар заңды түрде әлі күнге дейін Украина азаматы болып саналады.

Украинаның Қазақстандағы консулы Иван Алмаши елшілік "қолдарында қандай құжаттар болса да, қолдан келгенше көмектесуге тырысатынын" айтты. Олардың кейбірінің қолдарында ресейлік төлқұжат бар.

"Егер олар Украина азаматының төлқұжатын ұсынса және Украина азаматтығынан шықпаса, онда олар Украина азаматтары болып саналады. Адам санында есеп жоқ. Менің міндетім - олардың заңды құжаттары болуын қамтамасыз ету. Барлығы олардың қолдарында қандай құжаты бар екеніне байланысты", - деп келтіреді елшінің сөзін Азаттық радиосы.

Талқылау