Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бізге көп қабатты үй емес, саябақ қажет": Алматылықтар қаладағы құрылыс жұмыстарына байланысты наразылық білдіруде

Алматылықтар жаппай көп қабатты үй салуға қарсылық танытуда. Бір емес, бірнеше тұрғын үй кешенін тұрғындары тығыз орналасқан пәтердің орнына балалар алаңқайы мен саябақтар орнатуды талап етуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

құрылыс

Жүретін жол, серуендейтін орын қалмады деген қалалықтар әкімдікке шағымдарын жеткізіпті. Билік құлақ аспады деген "Комфорт" және "Гагарин Парк" тұрғын үй кешендерінің тұрғындары жолды жауып, құрылыс, жүк көліктерін өткізбеуге дейін барыпты. 

"Біз пәтер сатып алғанда құрылыс жобасында бұл аймақта саябақ болады деп көрсетілген еді. Ал енді 2018 жылы бұл жерге 9-12 қабатты үй салынады деп бекітіліп кеткен. Біз құрылыстың басталуына қарсымыз. Мектептерде әр сыныпта 40 баладан отырады. Үйдің орнына әлеуметтік мекемелерге орын берілсін. Біз ертең шаң жұтып жүргіміз келмейді. Балалар алаңқайы салынсын. Құрметті әкімдік өкілдері, біздің жанайқайымызға құлақ асыңыздар", - деп шуласты наразы топ.

Осыған ұқсас жағдайға "Абай" және "Tau development" тұрғындары тап болған. Олардың сөзіне сүйенсек, тығыз орналасқан үйлердің маңынан тағы бір 12 қабатты үй салынатындығын интернеттен оқып біліпті. 

"Біз "Tau development" тұрғын үй кешенінен пәтер алмай тұрып, құрылыс ұйымы өздерінің марапаттарын көрсетіп, бұл жер қауіпсіз деп сендірген еді. Айтқандарының барлығы да бос сөз болып қалды. Ал енді жаңадан салынайын деп жатқан көп қабатты үй біздің өмірімізге қауіп төндіретіні анық. Ертеңгі күні жер сілкініп немесе өрт шығатын болса, басқа үйлерге әсер етеді. Бұған қоса, жаңа көп қабатты үй қозғалысқа бөгеу болып, Абай көшесінің көрінісін жауып қалады", – деп жазады желі қолданушысы. 

Самал-2 ықшам ауданының тұрғындары әкімдіктегілер саябақ саламыз деп алдап, орнына көп қабатты үй тұрғызбақшы деп шағымдануда. 

"Көлік қоятын орын қалмады. Әкімдікке хат жаздық, бірақ құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бізге құлақ асатын ешкім жоқ. Адамдар барған сайын дүниеқоңызданып кетті. Жер сілкінсе, үйіндінің астында қалатын түріміз бар", – дейді ықшам аудан тұрғыны. 

Сурет: Tengrinews.kz сайтынан

Соңғы құрылыс нысанына қатысты Алматының сәулет басқармасының өкілдері пікір білдірді. Айтуларынша, қазіргі таңда бұл ауданда демонтаж жұмыстары жүргізілуде. 

"Көрсетілген аумақта қандай нысан салынатындығы туралы ақпаратпен құрылыс ұйымы  ​​рұқсат алуға өтініш бергеннен кейін ғана бөлісе аламыз", – деді басқарма өкілдері. 

Бұған дейін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев үш айға жуық талқылаудан кейін қала құрылысы туралы жаңа ережелер қабылданатыны туралы айтқан еді. 

Соңғы талаптарға сәйкес барлық тұрғын үй сәулет жобаларында инженерлік, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын, сондай-ақ, қашықтықта орналасқан бөлек көп қабатты үйлерді ескеру қажет болады. Бұған қоса, тарихи орталықта құрылыс компаниялары тек қолданыстағы ғимараттарды қалпына келтіріп, реставрация жұмыстарын жүргізе алады. 

Сағынтаевтың сөзінше, нүктелі құрылыс мәселесі - әкім болып тағайындалғаннан бастап ең көп талқыланған тақырыптардың бірі. Пікірталастың туындауына көп қабатты тұрғын үй кешендерінің әлеуметтік инфрақұрылымға назар аудармай салынуына наразы азаматтар себепкер болыпты. Осыған байланысты, әкімдік президенттің мақұлдауын алып, бүкіл процесті үкіметпен үйлестіре отырып, Алматыдағы құрылыстың жүргізу барысын реттейтін құжат әзірлеуге кіріскен. Жаңа ережелер негізінде тарихи орталық құрылыс үшін толығымен жабылды. Сонымен қатар, Алматының басқа аумақтарында құрылыс ұйымдары ғимараттардың іргетасын қаламас бұрын, қоғаммен ақылдасу өткізуі керек. Ал халықтың тығыздығы гектарына (11 шаршы метр) 440 адамды құрауы қажет. Құжатта 1 адамға 25 шаршы метр аумақ арналуы керек деп айтылған. Оның ішінде 10 шаршы метр аула аумағына бөлінуі тиіс. Осы 10 шаршы метр аумақтың төрттен бірі "жасыл аймаққа", қалғаны  - әртүрлі инфрақұрылымға, соның ішінде балалар мен спорт алаңдарына үлестірілуі қажет. Осылайша, құрылыс салушы 1 гектарда тұрғын үй салуды жоспарлағанда, балабақшаларға, мектептерге және т.б. орындарға жер қалдыруы міндетті. Сонымен қатар, бұл аймақта амбулатория, полиция базасы, әртүрлі балалар шығармашылық орталықтары мен түрлі қызметтері бар кәсіпорындар болуы керек. Бұл объектілердің барлығы тұрғындарға жақын болуы тиіс.

Бұдан бөлек, үйлер арасындағы қашықтық анықталды. Егер бұрын бес қабатты үйлердің арасында 20 метр және одан да көп арақашықтық болса, онда жаңа жоба бойынша бұл пропорция сақталуы қажет. 

"Жоғары биіктіктің қашықтығы нормативтік құжаттарда белгіленбегендіктен, біз қазір 5 қабатты үй - 20 метрді, 17 қабатты - 45-50 метрді құрауы керек деп айттық. Жоғарыға көтерілген сайын үйлер арасындағы қашықтықты көбейткен дұрыс. Біз оны іс жүзінде Кеңес дәуіріндегі үйлердің стандарттарына ұқсаттық. Халықтың тығыздықта тұруы болмайды ", - деп нақтылады ол.

Талқылау