Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Біз қылмыскерлерден емес, полициядан қорқамыз – Депутат

полицияФото: polisia.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек еліміздегі полиция жұмысына сын айтып, Ішкі істер министрлігін халық сенімін жоғалтты деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, қазақстандықтардың полицияға деген сенімі сын көтермейтін деңгейге жеткен.

Пленарлық отырыс кезінде мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутатқа ІІМ басшысы Ержан Саденовке бағытталған өткір мәлімдемелері үшін ескерту жасады. Алайда депутат өз пікірін "жеке басқа тиісу емес, жанайқай" деп түсіндірді.

"Министр түсінуі керек, бұдан әрі сынаудың керегі жоқ. Қазір халықтың полицияға сенімі ең төмен деңгейге жеткен. Біз қылмыскерден емес, полициядан қорқатын болдық", – деді Базарбек.

Депутаттың айтуынша, азаматтардың полицияға жасаған шағымдары, әсіресе, ықпалды тұлғаларға қатысты істер бойынша көбіне жауапсыз қалады.

"Қарапайым адамдар полицияға шағымданады, бірақ егер екінші жақта белгілі бай адамдар тұрса, іс жабылып қалады. Мысалы, Алматының таулы аймақтарындағы заңсыз жер мәселелері бойынша қоғам белсенділері, журналистер, тұрғындар талай рет арызданған. Бірақ қылмыстық істер қозғалмайды. Себебі тауды қарапайым адам емес, Forbes тізіміндегі байлар кесіп жатыр", – деді ол.

Базарбек сондай-ақ экологиялық полицияның әрекетсіздігін де сынға алды. Оның айтуынша, заң бойынша экологиялық құқық бұзушылықтар үшін бірқатар бап бар, бірақ іс жүзінде ешкім жауапқа тартылмайды.

"Адам арызданады, бірақ іс қозғалмаса, оның полицияға деген сенімі жоғалады. Бұл заңды құбылыс", – деді депутат.

Ол өз басынан өткен жағдайды да мысалға келтірді. Бұған дейін депутат Алматы маңындағы таулы аймақтардың заңсыз жекешелендірілгені туралы мәселе көтерген еді.

"Мен Алматының таулары генерал мен олигархтардың меншігіне өтіп кеткенін айтқаннан кейін үйіме белгісіз адамдар келіп, баламның арбасын өртеп кетті. Полиция іс қозғады, бірақ екі-үш аптадан кейін жауып тастады. Кінәлі адамды “ақыл-есі кем” деп танып, істі жапты. Ал оған тапсырма берген кім – оны ешкім тексермеді", – деді ол.

Депутат сонымен қатар өзіне тиесілі бейнежазбаны беруден полицияның бас тартқанын айтып, бұған да наразылық білдірді.

"Полиция тіпті маған, депутатқа, оқиға видеосын беруден бас тартты. Ал басқа істер бойынша кадрлар әлеуметтік желіде тарап кетеді. Неліктен маған берілмейді?" – деп сұрады Базарбек.

Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігіне айтылған сын жеке адамға емес, жүйелік мәселелерге қатысты.

"Менің сұрақтарым министрге емес, жүйеге бағытталған. Бұл – халықтың да, мемлекеттің де қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселе", – деп түйіндеді депутат.

Айта кетейік, бұған дейін мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутат Бақытжан Базарбекке ескерту жасаған еді.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 15 Қазан, 2025 17:47
Талқылау