Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Біз қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесуге тырысамыз»

Қиын кезде адамның басты қасиеті оянады, нағыз қаһармандар пайда болады. Олар – пандемия кезінде айналасына көмектесіп, әлемді жақсырақ, мейірімді қыла түсетін медицина қызметкерлері, волонтерлар, әлеуметтік жауапты кәсіпкерлер.

Kaspi.kz әлеуметтік желіде «Алғыс эстафетасын» іске қосты. Әрқайсымыз Kaspi.kz-тің instagram-парақшасында осындай қаһармандар туралы баяндап, оларға көпшіліктің рахмет айтуына мүмкіндік бере аламыз.

Біз талдықорғандық Никита Шведин туралы айтқымыз келеді. Ол бірнеше жылдан бері жоғалып кеткен адамдарды іздеумен және мұқтаждарды тамақтандырумен айналысады. Қаланы карантинге жапқанда Никита мен достары блокпостқа су мен түскі ас, жалғызбасты қарттарға азық-түлік жеткізген. 

- Никита, волонтерлық қызметіңіз қашан, қалай басталды? 

- Үш жыл бұрын Талдықорғанда кішкентай қыз жоғалып кетті. Мессенджерден волонтерлар керек, деген хабарландыруды оқып, іздеу тобына қосылдым. Бірнеше күннен кейін қыздың денесін таптық, өкінішке қарай суға батып кетіпті. 

Іздеу кезінде басқа волонтерлармен танысып, Ирина Мордасовамен бірге Талдықорғанда жоғалғандарды іздейтін облыстық топ құрдық. Бізге жақынын жоғалтқан адамдар хабарласа бастады. Кейде жүрісі көп күйеуін, қарыз алып қашып жүргендерді тауып беруді сұрағандар да болады. Бірақ біз детектив агенттігі емеспіз, іздеудің ондай түрімен айналыспаймыз. Міндетті түрде адамның жоғалғаны туралы ІІБ жазған арыздың көшірмесін сұраймыз. Тергеушімен хабарласамыз. 

Мұндай іздеу топтары Қазақстанның 32 қаласында бар. Біз республикалық Lider.kz қозғалысына кіреміз. Әр топтың әлеуметтік желіде аккаунттары, аймақта оқырмандары бар. Бізге адамның жоғалғаны туралы ақпарат келіп түскенде барлығына негізгі белгілері туралы жібереміз. Өйткені адам Талдықорғанда жоғалып, Оралда жүруі мүмкін. Желіміз бүкіл ел аумағын қамтиды. Жүздеген мың жазылушыларымыз көмектеседі. Біз олардың алдында әрбір жоғалған адамды іздеу нәтижесі туралы есеп береміз.  

- Сіздің тобыңыз неше адамды тапты? Адамдар қандай жағдайда жоғалады? 

- Осы уақытқа дейін бізге 3 391 өтініш келіп түсті. Олардың ішінде – 1 575 адам тірі, 246 адам өлі табылды.Қалған 432 адамды әлі іздеп жатырмыз. 

Өтініштердің қөпшілігі із-түзсіз кеткен адамдармен байланысты. Олардың қатарында балалар көп. Көпшілігі үйлерінен өздері қашып кетеді. Мүмкін естіген шығарсыз, қыста Талдықорған маңындағы ауылдан 12, 13 жастағы екі қыз қашып кетіп, Алматыда жалдамалы пәтерде тұрған. Үлкен адамдардың жауапкершілігінің жоғы таңқалдырады. Оларға біреу пәтерді берді ғой. Қуанышқа қарай, қыздар тірі табылды. Бірақ мұндай оқиғалар көбіне жақсылықпен аяқталмайды. 

Жағдайы жақсы отбасылардың да балалары жоғалып жатады. Қазір көп адамдар балаларымен сөйлеспейді. Бізге келгенде балалары туралы басқа нәрсені айтады, кейін басқа факт анықталады. Мысалы, балам компьютерлік ойындар ойнамайды дейді. Баласы нағыз интернет клубтың тұрақты «тұрғыны» болып шығады. Жалпы оның айналасындағы адамдар, қызығушылығы туралы отбасы мүшелері білмейді. 

Біз «Күт мен» бағдарламасындағыдай адамдарға жоғалтып алған туыстық байланыстарды қайта орнатуға да көмектесеміз. Кейде суретсіз, естеліктер мен жартылай мәліметтер арқылы тауып алудың сәті түседі. Жақында бізге Мәскеуден хабарласып, көп жыл таппай жүрген әкесін тауып беруді сұрады. Біз ол кісіні бір аптада тауып, әкесі мен қызын қостық. Біздің көмегімізбен осындай отбасылардың 195 мүшесі табылды.

Біз қылмыскерлерді іздеумен айналыспаймыз. Алайда сырттан қарап тұра алмайтын кез болады. Өткен жылы Қарағандыда жас жігіт үш жастағы баланы өлтіріп, қашып кетті. Құқық қорғау органдары бізден барлық топтарға оның белгілері туралы ақпарат орналастыруды сұрады. Бүкіл ел қылмыскерді іздеуге көмектесіп, тапқан соң, өмір бойы түрмеге қамалды. 

- Неше волонтерларыңыз бар? 

- Талдықорғанда 95 адам, Алматы облысында – 300. Lider.kz бүкіл ел бойынша 3000 волонтердың басы қосып отыр. Бұрын тек бастамашы топ едік. Жақында «Lider.kz волонтерлық орталығын» Талдықорған мен Алматы облысы аумағында ресми түрде тіркедік. Биыл «Волонтерлар жылының» ашылуында Қасым -Жомарт Тоқаев Lider.kz жұмысын атап өтіп, бізге алғыс айтты. Сонымен қатар мен және бірнеше волонтер мемлекет басшысымен жеке кездестік. 

- Сіздер тек жоғалған адамдарды ғана іздейсіздер ме, әлде қайырымдылықтың басқа түрімен де айналысасыздар ма? 

- Біз қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмектесуге тырысамыз. Мысалы, біздің еріктіміз Дина Лятиева өз есебінен күн сайын 30-40 бөлке нан таратты. Біз оған қосылып, азық-түлік пакетін жинадық. 

Көмекке мұқтаж адамдарды табу өте оңай. Кез-келген КСК-ға кірсеңіз, кімге көмек керегін айтады. Қазір біз жеті қарияға тұрақты түрде және мүміндігінше басқаларына көмектесіп отырмыз. Әлеуметтік желіге қандай көмек керегін жазамыз, адамдар қайырымдылық қоймасына әкеліп береді. Азық-түлік себетіне макарон, май, тауық, күріш, жарма, ұн, шәй, қызанақ пастасы, кәмпит, печенье және тағы да басқа заттарды қосамыз. Мұндай жиынтық шамамен 10 келіні құрайды, оны айына бір рет жеткізіп береміз. 

Әлеуметтік жобаны жүзеге асырып жатқан компанияларға тегін көмектесеміз. Мысалы, карантин кезінде үлкен ұйымның бірі мүгедек балаларды қолдамақ болды. Олар қаражат бөлді, біз азық-түлік сатып алып, балаларға жеткізіп бердік. Демеушіге толық есебін бердік. 

Біздің «Мектепке жол» атты акциямыз бар. Адамдар кеңсе тауарларын әкеліп береді. Біз мұқтаж отбасыларға апарып береміз. Жаңажылдық акция өткіземіз. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларына сыйлық береміз. «Қайырымды қол» акциясы аясында балаларға протез үшін ақша жинаймыз. 

Экологиялық акциялар өткіземіз: парктерді, Қаратал өзенінің жағалауын тазалаймыз. Өткенде саяжай тұрғындарын қатысуға шақырғанбыз, бірақ олар біздің жеке бастамамыз екеніне сенбеді. «Сендерге бұл үшін төлейді, сондықтан тазалайсыңдар», дейді. Біз тазалауды жалғастырудамыз және бір күні ол жердің таза боларына сенеміз.;
Айта кететін нәрсе, біз ешқандай дотация, грант алмаймыз, волонтерлықтан табыс таппаймыз. Адамдардың көпшілігі мұны түсінбейді. Кейде бір себептермен көмектесе алмай қалсақ, «жұмыстан шығарамын» деп қорқытатындары бар (күледі). 

- Карантин кезінде немен айналыстыңыз?

- Карантин кезінде біз Алматы облысы бойынша мұқтаж адамдарға 1500 азық-түлік пакетін жеткіздік. Бұл пакеттерді қарапайым адамдар жинап берді. 

Екі айда біздің жігіттер блок бекеттегі полиция қызметкерлері мен дәрігерлерге, санитарлық мамандарға ыстық тамақ жеткізді. Кезекшілікте болғандар қатарында біздің таныстырамыз да бар, біз оларға қиын болатынын біліп, қолдауды шештік. Бөтелкеге құйылған су сататын компаниямен келісіп, карантин бойы блок бекеттерді тегін сумен қамтамасыз еттік. Біздің үлгімізбен көптеген компаниялар, жақын маңда тұратын адамдар шай, бәліш, ыстық тамақ әкелді. 

Бір жолы біз блок бекеттердегі медицина қызметкерлеріне гүл сыйлауды шештік. Гүлді салоны бар құрбым берді. Мұндай қарапайым сыйлықтың әйелдерді қатты қуантатынын білмеппіз. 

- Өзіңіз туралы айтыңызшы, қайырымдылықтан бөле немен айналысасыз, осындай көзқарастың қалыптасуына кім әсер етті? 

- Мен үлкен отбасында дүниеге келдім. Үш бауырым, үш әкпе, қарындасым бар. 4 жасымда әкем қайтыс болып, бізді анам жалғыз өсірді. Бұл тоқсаныншы жылдар, қиын кез еді. Анамыз еңбек етіп, бір-бірімізге көмектесуді үйретті. Анам мен үшін басты үлгі. Қазір зейнеткер, бірақ әлі де адамдарға көмектесуге тырысады. Жақында зейнетақысына көмір сатып алып, екі баласы бар әйелге берді. Мен ол туралы білмедім, кейін ғана естідім. 

Өзім досымның компаниясында бухгалтер болып жұмыс істеймін. Қосымша әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысамын. Бұл бағыттағы мақсатым адамдар супермаркет кассасынан қағаз экопакеттерді тегін алса деймін. Алматыдан пакеттердің алғашқы партиясына тапсырыс бердім. Шығындарды жабу үшін талдықорғандық компанияларға пакетке жарнамасын орналастыруды ұсындым. Бірінші партияны толығымен демеуші компания сатып алды. Карантинге байланысты бұл жобамыз тоқтап тұр. 

Одан бөлек мен достарымның шақыруымен екі көркем фильмге түстім. «Шолғыншы» сериалында автомеханиктің, Макс Акбаров түсірген «Дала қырандары» сериалында орнитологтың рөлін ойнадым. Кейін маған Kaspi.kz-тен хабарласып, әлеуметтік роликке түсуді ұсынғаны қатты ұнады. Оның үстіне бұрыннан Kaspi.kz-тің клиентімін. Қаражатты да Kaspi Gold-қа жинаймыз. Бұл қазір ең қолжетімді, ең тараған сервис болып тұр. 

- Соңғы жылдары көптеген адамдар, бірігіп, волонтер болуда. Бұл неге байланысты деп ойлайсыз? 

- Волонтерлар бұрын да болған. Мектепте оқығанда қоқыстан тазалап, ата, ажелерге көмектесетінбіз. Бірақ ол кезде волонтерлықтың нақты бір үлгісі болмаған. Кейін қазақстандықтар басқа елдердің тәжірибесін үйрене бастады. Сонымен қатар әлеуметтік желі пайда болды. Оның арқасында адамдар бірігіп, мүдделестерін табады. 
Қазір тек әлеуметтік желі жеткіліксіз.

Менің ойымша балалар мен жасөспірімдерді адамдарға көмектесуді үйрету керек. Карантинге дейін Назарбаев интеллетуалды мектептерінде волонтерлық туралы тегін дәрістер өткіздім. Сонымен қатар «Волонтер балалар» бағдарламасын іске қостық. Ондағы мақсатымыз - аға буын мен жаңа өсіп келе жатқан ұрпақты байланыстыру. Бізде жалғызбасты қарттар көп, балалар оларға азық-nүлік әкеліп, еденін жуып беріп көмектесе алар еді. Бұл балалардың бойында адамгершілікті қалыптастырады, қарттар жалғызсырамайды. Менің ұлым 13 жаста, оның осы құндылықтарды сіңіріп өскенін қалаймын. Мен бұдан бөлек мектепте «Волонтерлық сағатын» енгізуді  немесе волонтерлық балалар клубын құруды ұсынар едім.

Фото: Анастасия Ратушина
 

Талқылау