"Біз ештеңе шығармаймыз, халық аз" деген бос сөз": Санжар Боқаев саясаттан бизнеске қалай кетті
Мемлекеттік қызметін тастап өз өнеркәсібін ашқан белгілі саясаттанушы, кәсіпкер Санжар Боқаев бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр. Мемлекеттік қызметтен қалай кетті? Енді ол жақа бара ма? Санжар Боқаев осы туралы және бизнес ашуда басынан өткен қиындықтарымен бөлісті. Еліміздегі ең қымбат деген қонақүйлер Астанадағы "Art Romance" компаниясының жиһаздарын ғана тұтынады екен. Қазақстан бойынша ең сапалы жиһаз шығаратын да біздің компания дейді. Бизнеске келу, кәсіп ашу жолдарымен бөліскен Санжар мырза қазіргі кезде қаптап кеткен бизнес-тренерлер және коучтар туралы да сөз қозғады. Сонымен қатар, кәсіп ашқалы жүргендерге өз кеңесін айта кетті.
«Қызметтен кеткенде әріптестерім тоқтатуға тырысты»: Мемлекеттік қызметтен шығып, жиһаз компаниясын ашқан кәсіпкер бизнесі туралы айтты
– Санжар мырза, Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы болдыңыз. Бірақ мемлекеттік қызметті тастап, жиһаз кәсібіне кеттіңіз. Не түрткі болған еді?
– Менің әкем, аталарым ұста болған кісілер. Кішкентай кезімде көп нәрсе үйретті. Бірде Астанада итальяндық жиһаз дүкеніне кіріп қалдым. Аралап жүріп көзім журнал үстеліне түсіп, сатып алғым келді. Бағасын сұрасам, 300 мың теңге дейді. Мұндай бағаға қалай журнал үстелін сатып аласың? Басқасын білмеймін, бірақ кішкентай үстелге 300 мың теңге беру мен үшін ұят! Сөйтіп ренжіп «Осы Қазақстан ештеңе шығармайды. Содан кейін осылай қымбатқа үстел алып жүреміз» деп шығып кеттім. Бірақ сол күні «Біз осы қашанға дейін Қазақстан жасамайды дей береміз. Неге соны өзіміз жасамасқа?» деп түнімен ұйықтай алмай ойланып шықтым. Содан кейін бір жерді жалға алып, жұмысшылар алдым. Жаңағы журнал үстелін сатып алып, тура сондай етіп жасап беруді тапсырдым. Барлық итальяндық дүкендерді араладық, көрдік. Содан екі айдан кейін дәл сол жиһаздарды өзіміз жасап шығардық. Жиһаз жасау біздің де қолымыздан келеді екен. Тек бір проблема: біздікілер олар сияқты әдемілеп бояу жаға алмайды екен. Екі адамды Самараға, біреуін Түркияға үйренуге жібердім. Енді қазір Қазақстанда өте күрделі бояуларды тек біз ғана жасай аламыз. Басқа ешкім білмейді. Негізі «Біз ештеңе шығармаймыз», «халық аз, не істейміз» деген сөз біздің менталитетімізге қалыптасып кетеді екен. Бұл тек сөз. Істеймін деген адам жасайды. Шүкір, қазір астанадағы бес жұлдызды қонақүйлердің барлығы - менің клиенттерім. Бұрын әйтпесе олар жиһазды Италиядан алатын.
– Мемлекеттік қызметте істеген сізге бизнес бастау қиын болмады ма?
– Басында бастаған кезде қаражатым болды. Достарымнан қарыз алдым. Сөйтіп бастап кеттім. Содан жарты жылдан кейін өз дүкенімізді аштық. Сол кезде кішкене қиындықтар туды. Бірақ достарыма жағдайымды айтқаным сол еді, бірден көмектесті. Өтпей тұрған жиһаздарым екі күнде өтіп кеткен еді. Достарыма әлі күнге дейін ризамын. Олар маған сол кезде кәдімгідей күш берді.
– Кәсіпкер ретінде қандай қиындықтардан өттіңіз?
– Қиыншылықтар өте көп болды. Жиһаз құрал-жабдықтарын алуға деп сақтап жүрген 8 миллион теңге ақшам бар еді. 2017 жылы «Астана» банктен шот ашып, бар ақшамды сол жерге аударып қойғанмын. Бірақ бір күнде банк жабылып қалды. Жұмысшылардың жалақысы, жалға алып отырған жер бар дегендей. Не ақшаны қайтарып ала алмадық. Сол кезде бизнесті жабамын деген ой болды. Бірақ өз жұмыстарын сүйетін жұмысшыларға қарап қайта орнымнан тұруға тура келді. Сөйтіп астымдағы көлігімді сатып, тоқтағалы тұрған кәсібімді қайта жүргіздім.
– Өзіңізді саясаттанушы, мемлекеттік қызметте жүрген азамат ретінде де танимыз. Саясаттан да біржола қол үздіңіз бе? Болашақта мемлекеттік қызметке қайта шақырып жатса барасыз ба?
– Негізі саясаттану факультетін бітіргенмін. Докторлықты да қорғағанмын. Саясатқа, жауапты лауазымға, мемлекеттік қызметке келу үшін кез-келген адам өнеркәсіптен, халық шаруашылығынан өтуі керек деп ойлаймын. Саясатпен айналысып жүрмесем де, арада мақала жазып тұрамын. Жақында мемлекеттік бағдарлама туралы жаздым. Бұрын мемлекеттік қызметте істеген соң, ол жақтағы жұмыстың қыр-сырын білемін. Ол жаққа барған соң, ешнәрсеге уақыт жеткізе алмай қаласың. Қазір өзім шешім қабылдап үйреніп қалдым. Мемлекеттік қызметтен кеткенде әріптестерім тоқтатуға тырысқан. Әрине, бір жерде жұмыс істеп үйреніп қалған адамдар үшін қызметтен кету қорқыныш болып көрінеді. Тіпті менде де сондай ой болған. Анам да «кәсіпорынды ашып қайтесің?» дейтін. Бірақ уақыт өте келе анам өз-өзіңе жұмыс істеу қандай екенін түсінді. Өйткені мемлекеттік қызметте болған соң, бұрын қалаған нәрсеңе ақша жете бермейтін.
– «Мастер Град» жиһаздарының бағасы қолжетімді ме?
– Қазір қымбатшылық заманда әдемі жиһаз алуға екінің бірінің қолы жете бермейді. Соған орай біз жас отбасыларға қолжетімді бағаға 150 мың теңгенің жиһазын жасап жатырмыз. Арзан, әрі сапалы болмақ. Жалпы жиһаздардың бағасы әртүрлі. Мысалы, кейбір ас үй жиһаздары 1 миллион теңге көлемінде.
– Бизнесіңізге екі ай карантин қалай әсер етті?
– Карантин үлкен және кіші бизнес үшін үлкен соққы алып келді. Біз ақпан айында жақсы жұмыс істеген едік. Екі ай бойы наурыз, сәуір жұмысқа шықпадық. Біршама шығынға ұшырадық. Карантин басталмай жатып клиенттерімізден тапсырыс алып қойғанбыз. Қазір сол жиһаздарды жасап жатырмыз. Бірақ карантиннен кейін материал жеткізушілер бағаны күрт өсіріп жіберді. Бұрынғы алып жүрген материалдарымыз қымбаттап кетті. Бағаның өсуі барлық кәсіпкерлерге қиындық туғызатыны сөзсіз.
– Әр заттың қымбаттауына байланысты жиһаз бағасы да көтерілуі мүмкін бе?
– Әрине, баға бұрынғымен салыстырғанда қымбаттай түседі. Жиһаз бағалары 20 пайызға өседі. Өйткені ешқандай кәсіпкер минусқа түскісі келмейді. Қазір азық-түліктен бастап бәрі ай сайын көтеріліп жатыр. Бірақ ол бізге байқалмайды. Дүкенге кіріп зат алып шыққаннан кейін ғана аңғарасың.
– Кәсіп бастаймын деген жас кәсіпкерлерге не кеңес айтар едіңіз?
– Біріншіден, кәсіп бастаймын деген кішкене қаржысы болса, банкте ұстамаңыз дер едім. Екіншіден, шынайы көмектесетін достары болсын. Үшіншіден, бастаймын деген ісін жақсы көруі керек. Төртіншісі, сол өнеркәсіпті түсіне алуы қажет. Бесінші, жігер, қиындыққа төзімді бола білу керек.
– Қазір бизнес-тренерлер көбейіп кетті. Неше түрлі тренингтерден аяқ алып жүре алмаймыз. Осыған байланысты не айтар едіңіз?
– Бизнес-тренерлерге өз басым сенбеймін. Өйткені, нағыз бизнесмендердің тренинг өткізуге уақыты жоқ. Көбісі кітаптан оқып алып, соны үйретіп жүр. Бірақ практика мүлдем бөлек нәрсе. Адамдар бір нәрсеге сенгісі келеді. Өзінің бизнесін бастағысы келеді. Содан барып тренинг, бизнес-коучингтің сабағына жазылады. Өзім ондай тренингтерге ақша жұмсамайтын адаммын.
Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
