"Біз біргеміз!" ұранына сеніп қалдық": Kaspi Bank Перизат Қайраттың қайырымдылық қорына 620 млн теңге аударған
Фото: instagram.com/01pk
Kaspi Bank Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорының шотына бір күнде 620 млн теңге аударған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайрат Перизат ісі бойынша өтіп жатқан сотта Kaspi Bank өкілі Айдар Кісембаев банк басқармасы Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық ұйымының банктік шотына бір күнде 620 миллион теңгені екі траншпен – 120 миллион және 500 миллион теңгеден аудару арқылы қайырымдылық көмек көрсету туралы шешім қабылдағанын айтты.
"Ақша зардап шеккендерге қайық, генератор және басқа да заттар сатып алуға жұмсалғаны туралы алғыс хат келді. Бірақ тергеу барысында Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 шотындағы ақша ұрланғаны және Kaspi Bank-ке 620 миллион теңге көлемінде шығын келтірілгені анықталды", – деді банк өкілі.
Оның айтуынша, банк басшылығы "Біз бергеміз!" ұранына сеніп қалған.
"Kaspi Bank" АҚ басшылығы бұл ұйымға сеніп, көмектеспек болды. Ешкім заңсыз әрекет болуы мүмкін деп ойлаған да жоқ. Біз де оның қорынан деректер сұрап, сол кезде қорға қатысты сот материалдары жоқ екенін көрдік. Бұл ішкі тексеріс еді. Сондай-ақ бізге Jusan Bank 300 миллион бөлді деген ақпарат келді. Сол үшін сендік", – деп түсіндірді ол.
Еске салсақ, Астанада қайырымдылыққа жиналған ақшаны жымқырған деп айыпталған Перизат Қайрат ісі бойынша басты сот отырысы өтіп жатыр.
16 шілдеде өткен сот отырысында Назарбаев зияткерлік мектебінің ата-аналары Перизат Қайраттан қайырымдылыққа аударған ақшасын қайтарып беруді талап етті. Ата-аналар ол ақшаны ауыр дертке шалдыққан мұғалімге аударғысы келетінін айтты.
Сондай-ақ сотта тасқын кезінде қайырымдылыққа деп қор шотына 1 млн теңгесін аударған зейнеткер сөз алып, ақшасын қайтарып беруді талап етті.

“Газ плитасы, күннен қуат алатын панельдер алып дайындаламыз”: Алакөлде шатырда қонып жүрген қазақстандық отбасы жабайы демалысты дәстүрге айналдырған
