"Біз ауада тұрған жоқпыз": Жеті жылдан бері үйлерін заңдастыра алмай жүрген маңғыстаулықтар наразылыққа шықты
Маңғыстау облысында жеті жылдан бері баспаналарын заңдастыра алмай жүрген бір топ тұрғын облыс әкімдігіне барды. Олар 2 миллион теңгеге сатып алған телімдері шаруашылық мақсатта қолданылу керек екенін білмеген. Сол себептен тұрғындар өз үйіне тіркеуге тұра алмай, әлеуметтік көмектен де қағылып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Мұнайлы ауданының жерін заңдастыра алмай жүрген бір топ тұрғын облыстық әкімдікке барды. Заңды мекенжайы жоқ ауылда 450 үй бар. 2013 жылы жерді ақшасын санап беріп, сатып алғандар 7 жылдан бері құжаттарын ала алмай әлек болып отыр.
“Мына жер иә үкіметте емес, иә жекеменшікте емес. Бір жақты болу керек қой, біз ауада тұрған жоқпыз. Біз мына жақта тұрамыз. Бірақ басқа жақта амал жоқ тұрмыз”, – дейді Тұрғын Меруерт Айтанова.
“Жерді нақты ақшаға сатып алғанбыз. Біз тегін ақшаға жер сұрап жатқан жоқпыз. Бізге тек қана алған жерімізді заңдастырып берсе болды”, – дейді тағы бір тұрғын Болат Қошанов.
Тұрғындар жер учаскелерін жеке кәсіпкерден сатып алған. Бірақ, оған ешқандай дәлел жоқ. Ал жердің өндірістік шаруашылық үшін берілгенін олар үйдің бүкіл құрылысы аяқталғанда бірақ біліпті. Әкімдіктегілер мәселені шешу үшін сотқа жүгінуге ұсыныс білдіріп отыр. Бұл үйлерді ауданның бас жоспарына енгізу үшін жыл соңына дейін күту керек деді.
“Жерді сатқан адам сотталып, соттың шешімі шықты. Сол үшін біз тұрғындармен ақылдасып, кеңесіп, сөйлесіп, олардың өкілі осы жерді рәсімдеу жөнінде сотқа беретін болды. Сосын біздер де бірге жүретін боламыз”, – дейді Мұнайлы ауданының әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиев.
Әкімдіктегілер тұрғындардың алаяқтың құрығына түскенін айтады. Бір қызығы, құжаты жоқ тұрғын үйлерге газ құбыры мен электр жарығын әкімдіктің өзі жүргізіп беріпті.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
