Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қоңырау шалып, жұмыстан босатуға тыйым салдым": Министр бітіру кешіндегі қайғылы жағдайдан кейін орнынан кеткен мектеп директорын қорғап шықты

Бейсембаев-.gov.kzФото: gov.kz

Таяуда Қаскелеңде бітіру кешінде болған қайғылы жағдайдан кейін мектеп директоры қызметінен босатылған еді. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәжіліс кулуарында мұндай жағдайда падагогтарды жұмыстан босату әділетсіз екенін айтып, мұғалімдерді жақтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министр мұны әділетсіз жаза деп есептейді.

"Мен құрметтейтін қоғам қайраткері Сергей Уткин мұндай жағдай мектеп қабырғасында болмаса, ата-ана жауапқа тартылуы керек деп дұрыс айтады. Бірақ неге екені белгісіз, кінәлілерді тағы да мұғалімдер арасынан іздейміз. Сондықтан мұғалімдер мен мектеп директорын жұмыстан шығаруға үзілді-кесілді қарсы шықтым", – дейді министр.

Шараны ата-аналар ұйымдастырған, ал мектеп өз міндеттемесін орындаған.

"Сондықтан мен телефон соғып, тыйым салдым және білім беру ұйымының басшысын, сынып жетекшісін қорғадым. Өйткені олар өздеріне жүктелген міндеттің бәрін орындаған: ата-аналарға ескерту жасаған, қауіпсіздік шараларын ұйымдастырған. Бірақ ата-аналар жауапкершілікті өз мойнына алып, істерін істеп отыр", – дейді ол.

Министр мұғалімдерді емес, ата-аналарды жазалау керек деп есептейді.

"Мұндай тәсіл қайталанбауы үшін мұнда ата-аналарды жауапқа тарту керек. Бірдеңе бола қалса, кінәліні өз арамыздан іздейміз. Бұлай болмауы керек. Қалай болғанда да, ата-ана да балаларының алдындағы, қоғам алдындағы жауапкершілігін толық түсінуі керек. Осыны әрбір ата-анаға жеткізулеріңізді өтінемін. Біз бір-бірімізге қарсы тұрмай, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-аналар мен мұғалімдер бірігуі керек. Осыны да түсінбейсіздер ме?"

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында мектеп оқушысын құрдасы өлтірді деген күдікке ілінгенін жазған едік. Қаскелеңде түлектер мектеп бітіруін атап өтпек болып, кеш ұйымдастырған. Ата-аналары балаларға коттедж жалдап берген. Отырыс кезінде сыныптастар арасында жанжал шығып, сол кезде түлектердің бірі сыныптасына кәуап пісіретін шампур тығып алған. Бала оқиға орында қаза болған.

Осы жағдайдан кейін ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мектеп директоры қызметінен босатылғанын, оқу ісінің меңгерушісі мен сынып жетекшілері де жауапқа тартылғанын мәлімдеді.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 18 Маусым, 2025 15:18
Талқылау