Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаевтың туысы рақымшылықты пайдаланып бостандыққа шыға алады

Фото: Жоғарғы сот

Конституцияның 30 жылдығына байланысты болатын рақымшылықпен Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов бостандыққа шығуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтты.

"Егер қылмыстық іс адамның жеке басына қарсы жасалып, салдары адам өліміне әкелсе, ондай жағдайларда рақымшылық актісі қолданылмайды. Ал егер адамның әрекеті тікелей адам өліміне байланысты болмаса, онда, әрине, рақымшылық актісі қолданылады," – деп түсіндірді депутат.

Депутат рақымшылық қолданылмайтын қылмыс санаттары рақымшылық туралы заң жобасының 4-бабында нақты көрсетілгенін атап өтті.


Бишімбаев пен Шерзаттың өліміне байланысты сотталғандар рақымшылыққа іліге ме

Есірткі қойып кеткені үшін сотталғандар рақымшылыққа ілінбейді – Депутат


"Бишімбаевтың ісінде адам өлімі бар. Сондықтан оған рақымшылық қолданылмайды," – деді депутат.

Абзал Құспанның айтуынша, Бақытжан Байжанов сотталған "қылмысты жасыру" бабы рақымшылық қолданылмайтын қылмыстар тізіміне кірмейді. Сондықтан оған рақымшылық қолданылуы мүмкін.

"Қылмыс туралы хабарламау 4-бапта көрсетілмеген. Сондықтан ондай істерге рақымшылық қолданылуы керек. Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс түріне жатса, онда олар толық босатылмайды, бірақ жазаның мерзімі қысқартылады," – деп түсіндірді Абзал Құспан.

Айта кетейік, 2024 жылдың 13 мамырында Астанадағы Bau мейрамханасында әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жыл бас бостандығынан айырылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасыру бабы бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Еске салсақ, бұған дейін Конституцияның отыз жылдығына байланысты Қазақстанда түрмеде отырғандарға рақымшылық жасалатыны туралы хабарлаған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 11 Маусым, 2025 19:25
Талқылау