"Қарт ата-анасына бірнеше рет дөрекі сөздер айтты": Бишімбаевтың адвокаты Назым Қаһарманмен арадағы алимент дауына қатысты пікір білдірді
Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов желідегі парақшасында Назым Қаһарман мен Бишімбаевтар отбасы арасындағы алимент дауына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Таяуда Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы бұрынғы күйеуінің отбасы балаларға алимент төлеуден бас тартқанын айтқан еді. Алайда экс-шенеуніктің қорғаушысы бұл ақпараттың шындыққа толықтай сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Қуандық Бишімбаев қазір алимент төлеуден бас тартып отырған жоқ. Себебі бұл – әр ата-ананың борышы. Ол тек алимент туралы келісімді бұзғысы немесе оның шарттарын өзгерткісі келеді. Өйткені қазір оның тұрақты табысы жоқ. Заң бойынша егер адамның қаржылық жағдайы айтарлықтай өзгерсе, ондай мүмкіндік қарастырылған", – деді адвокат.
Адвокаттың айтуынша, бұрын Қуандықтың ата-анасы оның орнына келісімшартта көрсетілген мөлшерде алимент төлеуді жалғастырып келген. Алайда кейін бұл төлемдер тоқтатылған.
"Дегенмен Назым Қаһарман Қуандық Бишімбаевтың қарт ата-анасына бірнеше рет дөрекі және қорлайтын сөздер айтып, олардың немерелерімен қарым-қатынасына кедергі келтіріп, балаларды Бишімбаевтар отбасына қарсы қоюға тырысқан. Әлеуметтік желілерде психологиялық тренингтер түрінде жала жапты. Шабуыл ұйымдастырғаннан кейін, ата-анасы көмек көрсетуді уақытша өздері дұрыс деп тапқан мөлшерде жалғастыру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім алимент келісімшартын өзгерту немесе бұзу туралы дау шешілгенге дейін күшінде болады", – деп түсіндірді заңгер.
Еске салайық, бұған дейін Назым Қаһарман 30 наурызда Қуандықтың адвокаты хабарласып, оның анасы алименттер мен басқа міндеттемелерді төлеуден бас тартқанын жеткізген. Себебі бұрынғы атасында балалардан басқа шығындар да болған. Сонымен қатар балалар ата-әжесімен тығыз қарым-қатынаста емес екенін атап өткен.
Сонымен қатар 31 жастағы Салтанат Нүкенова 2023 жылғы 9 қарашада жұбайы, Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапты. Ерекше қатыгездікпен жасалған бұл кісі өлтіру мен азаптаулар үшін Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды.