Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаев алиментті азырақ төлеу үшін мүлкін қайта рәсімдеткен – Адвокат

Фото: Жоғарғы сот

Сот Қуандық Бишімбаевтың алимент көлемін қысқарту туралы арызын қанағаттандырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Адвокат Динара Шәмшекованың айтуынша, 2020 жылы Қуандық Бишімбаев пен оның бұрынғы әйелі Назым Қаһарман арасында үш балаға алимент өндіру туралы келісім жасалған. Алайда бірнеше ай бұрын Бишімбаев қаржылық жағдайының нашарлағанын алға тартып, шартты өзгертуді, төлемдер сомасын азайтуды сұрап сотқа жүгінген.

"Нормативтік қаулыға сәйкес, бұл шынымен де шарттарды өзгертуге негіздердің бірі болуы мүмкін, бірақ бұл –сөзсіз негіз емес. Сот талқылауы барысында біз Бишімбаевтың мүлкі бар екенін білдік. Үкім шығарылғанда, қылмыстық сот отырысында оның қандай мүлкі бар екенін де анықтадық. Ол мүлікті басқаға тіркеп тастаған”, – деді адвокат. 

Адвокаттың айтуынша, мүлік сыйға тарту шарттары бойынша қайта рәсімделген, яғни экс-министр оны үшінші тұлғаға берген. Осыдан кейін Бишімбаев материалдық жағдайының нашарлағанын айтып, алимент мөлшерін "бірнеше есе" азайтуды сұрады.


"Ешкім бұлай атақты болуды қаламас еді": Назым Қаһарман Бишімбаевтың арқасында "танымал болып, табыс тауып жатсың" дегендерге жауап берді


"Аналарың өте қатыгез, әдейі істеп жатыр": Назым Қаһарман экс-күйеуі Қуандықтың отбасы неліктен алимент төлеуден жалтарып жатқанын айтты


Назым Қаһарман Бишімбаевқа қарсы Жоғарғы сотқа шағымданды


"Сот біздің дәлелдерімізге сүйене отырып, талап-арызды қанағаттандырудан бас тартты. Бұл әрекет мүлікті қайта рәсімдеп, алимент төлеуден жалтару әрекеті ретінде бағаланды. Бұл – оның конституциялық міндеті. Балалардың мүддесі үшін сот келісімді өзгертуден бас тартты", – деді Динара Шәмшекова.

Адвокат Бишімбаевтың меншігіндегі және оның қайта рәсімдеген мүлкі үш баласы да кәмелеттік жасқа толғанша алименттік міндеттемелерді орындауға жеткілікті екенін айтты.

Еске салайық, бұған дейін Назым Қаһарман 30 наурызда Қуандықтың адвокаты хабарласып, оның анасы алименттер мен басқа міндеттемелерді төлеуден бас тартқанын жеткізген. Себебі бұрынғы атасында балалардан басқа шығындар да болған. Сонымен қатар балалар ата-әжесімен тығыз қарым-қатынаста емес екенін атап өткен. 

Сонымен қатар 31 жастағы Салтанат Нүкенова 2023 жылғы 9 қарашада жұбайы, Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапты. Ерекше қатыгездікпен жасалған бұл кісі өлтіру мен азаптаулар үшін Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 05 Маусым, 2025 15:05
Талқылау