Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Біртүрлі қыз: Қостанайлық әйел 40 жыл өсірген шашын көрермен алдында тақырлап алып тастады

Қостанай тұрғыны Нұргүл Нұрғалиева 40 жыл өсірген шашын бір-ақ сәтте тақырлап алып тастады. Бағдарламаға арнайы келген ол көрерменнің көз алдында шашын алғызды. 

Бұл туралы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтылды. 

Нұргүл Нұрғалиева Қызылорданың тумасы. Қостанайға келін болған. Өзінен 8 жас кіші жігітке тұрмысқа шығып, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қолаң шашын тақырлап алуының өзіндік себебі бар. 20 жасынан бастап шашы ағара бастаған. 20 жыл бойы шашын бояп келеді. Апта сайын шашын бояудан шаршаған әйел 40 жасқа толғанда шашымды тақырлап алып тастаймын деп өзіне сөз берген екен. 

"Менің анамның шашы 30 жасында ағарған екен. Менің де шашым анама тартып, 20 жасымнан бастап ағара бастады. Бұл тұқым қуалайды. Емі жоқ. Шаштың ағаруына қарсы дәрі-дәрмек жоқ. Бұрын ай сайын шашымды бояйтынмын. Қазір апта сайын бояймын. Бояудан аллергия пайда болып, көзіме әсер ете бастады. Көз жанарым нашарлады. Сондықтан шашымды тақырлап алып,  өз ақ шашымды өсіргім келеді", - деді Нұргүл Нұрғалиева.

Анасы Гүлсара Биманова мен әкесі Пазылхан Ахметов қызының бұл қадамына қарсы болғанымен, кейіннен келісім берген. Ал Нұргүлдің жолдасы шашыңды тақырласаң үйге келмейсің деп ренжіген екен. 

"Көпшілік алдына шықпа. Шашыңда тақырлама деп әкесі екеуміз қарсы болдық. Бірақ Нұргүл айтқанынан қайтпайтын қыз. Дегенін істейді. Бір жағынан шашынан шаршаған. Сосын ойлана келе, қайын жұртың, жолдасың қарсы болмаса болды. Рұқсатын ал дедік", - деді ол. 

Нұргүл көпшілік алдында шашын әдейі алдырғысы келеді. Себебі шашы ағарған, өз шашынан ұялатын қыз-келіншектерге қолдау көрсеткісі келеді.

"Шашы жастайынан ағарған, одан шаршаған, ақ шашпен жүруге ұялатын қыздар, келіншектер көп. Оларға табиғи сұлулықтан арланудың керегі жоқ дегенді түсіндіргім келеді. Ақ шашпен жүрудің әбестігі жоқ деген мәселені көтергім келді. Мені көрген қыздар осыны түсінсе деймін", - деді кейіпкер.

Нұргүл Нұрғалиева студия ортасында шаштаразға шашын тақырлап алғызды. Өз бейнесіне, тақырбас түріне көңілі толатынын айтты. 

"Басым аман болса, шашым өседі. Одан қорықпаймын. Өкінбеймін. Тақырбас болған жарасатын сияқты", - деді ол.

STAN.KZ
Жұма, 30 Қазан, 2020 16:54
Талқылау