Бірнеше жылдан кейін жұрт алдына шыққан Нұрлан Өнербаевтың екі ұлы да өнерге қадам басты (фото, видео)
Алатау баурайында әсерлі кеш өткізген Нұрлан Өнербаев алматылық тыңдармандарын тосын сыймен тәнті қылды. Ұзақ уақыт үзілістен кейін халықпен қайта қауышқан әншінің концертіне Stan.kz тілшісі де қатысып, өнер иесінен эксклюзивті сұхбат алған болатын.
Өнербаевты өнерсүйер қауымның сағынғаны көрініп-ақ тұр. Өйткені, осыдан тура 11 жыл бұрын Алматы шаһарының тұрғындарына есеп бергенін айтады. Сондықтан болар, әншінің концертіне келген тыңдарман зәулім сарайды лық толтырды. Нұрланға халқы дәл осындай ерекше құрмет көрсетсе, өне иесінің де жұртшылыққа жеткізер жағымды жаңалығы жетерлік екен. Мәселен, кеш иесі қазақ өнеріне өзінен бөлек тағы қос Өнербаевты қосты. Иә, әке жолын қуған Мақсат пен Марғұлан Нұрланұлдарының үлкен сахнада тұсауы кесілді.
«Мен бұрындары қатты таң қалатынмын. Әкем 45 жылға жуық көлік жүргізушісі болып қызмет атқарды. Сонда ойлаймын, әкем шофер, мен кімге тартып әнші болып жүрмін деп. Кейін әкемнің қатарластарының әңгімесін құлағым шалып қалды. Сөйтсем, әкем Әлтай кезінде өзінің ортасында сауық-кештердің шырайын келтірген сері болыпты және музыкалық аспаптарды шебер ойнаған адам болған екен. Сондықтан, менің балаларымда әке жолын қуып, өнерге бет бұрды», – деп ағынан жарылған Нұрлан мырза, екі ұлын халыққа таныстырды.
Нұрлан мырзаның үлкен ұлы Мақсат 35 жаста екен. Ол ерекше вокалдық қабілетке ие болғанымен, өзге салада білімін шыңдаған. Ал, 20 жастағы Мағұлан әншінің кіші атұстары. Бала кезінен фортепиано аспабын жанына серік еткен кәсіби музыкант. Бұл кеште кенже мұрагері әкесін күйсандықпен сүйемелдеп отырса, үлкені Мақсаттың әндері тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
«Ағамның кішкентей кезінде өнерге беруге әке-шешемнің жағдайы болған жоқ. Арнайы музыка мектебіне берсе, оған көп уақыт бөлу керек. Оған көп ақша керек жасырмаймын. Сондықтан Мақсат экономика саласында білім алды. Қазір өзінің өнерге құлшынысы бар. Енді құдай қаласа ағамда өнерде жүретін шығар деп ойлаймын. Ал, мен туған кезде әкемнің жағдайы болды, танымал бола бастады. Мені өнерге берді. Біз осы уақытқа дейін өнерімізді жетілдірумен болдық қой. Енді ел алдына шығып, ел қатарлы болу жоспарымызда бар. Мүмкіндік енді туып жатыр. Бұдан былай сахнада жүреміз», – дейді Нұрлан Өнербаевтың кенже ұлы Марғұлан.
Нұрланның ұлдары өнерлі бола тұрса, осы уақытқа дейін көпшілік көзіне көрінбеуінің себебін осылай түсіндірді. Ал, талантты жігіттерді жұлдызды әке неге жасырып келген дерсіз?! Бұл сауалды Өнербаевтың өзіне жолдаған едік.
«Кезінде мені әкем мені өзімнің қалауыма, өзімнің таңдауыма жіберген. Мен өмірдегі және өнердегі жолымды өзім таңдағанмын. Дәл сол сияқты мен өзімнің балаларыма жол сілтеме жасаған жоқпын. Өздері таңдасын, өз жүрек қалауларымен келсін деп. Міне, үлкен ұлымда, кіші ұлымда өз жүрек қалауларымен өнерге келді. Енді сахнаға, елдің алдына шығып көріне бастады. Ары қарай оларға дұрыс жол сілтеу, кішкене қолдау, дұрыс бағытын көрсету, ол менің әкелік парымыз», – дейді Нұрлан Өнербаев.
Алдағы уақытта Мақсат пен Марғұлан көк жәшіктен көп көрінеміз деп отыр. Өйткені, әке жолын қуған жігіттерге Нұрлан мырза да қолдау көрсетуде қол қусырып қалмайтынын айтады. Сондай-ақ, Өнербаевтың ел аймағындағы гастрөлдік сапарларында қос ұлы да өнер көрсететін болады.
Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.
Оқи отырыңыз:
Шахизада жігітіне қатысты бар шындықты ашып айтты
Қыдырәлі Болманов Қазақстанда өнері үшін бірде-бір атақ алмағанын айтты
Мейрамбек Беспаев мақтан мен атақ үшін жұмыс істейтін әнші әріптестерін сынап тастады