Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бірнеше тылсым оқиға болды": Ханкөлге зерттеу жүргізуге барған журналист ақ адамның сұлбасын өз көзімен көрді

Адам болған соң қорқыныш болады. Ал қорыққанға қос көрінеді. Пенде о бастан-ақ арғы әлемнің тылсым күштерінен сескеніп келеді. Әруақ, жын, пері көргендер қайда жүрсе де аузы көпіріп әңгімесін айтып жатады. Жуырда Ханкөл жұрты жын көрдік деп шулады. Тылсымның тұңғиығына терең бойлай берсең, денең түршігіп ойлай бересің. Сонымен елдің көзіне көрініп жүрген тылсым күш кім болды? 

Бұл туралы "Пендеміз ғой" бағдарламасында айтылды.

Батыс Қазақстан облысындағы Ханкөл ауылы маңында жолда жүр деген қыздың елесі адамдардың үрейін ұшырып қана қоймай, әкімді де, сақшыны да тік тұрғызды. 

Әкім де істің ақ-қарасын білуге араласты. Полицияны да елестің бар-жоғын тексеруге аттандырды. 

Желіде тараған видео Ханкөлде емес Ресейде түсірілгені анықталды. Бұл өңірдегі полицейдің берген мәліметі. Ал таксистер көрген елес кім деген сұрақ жауапсыз қалды.

Экстрасенс Қажет Ахметжанова елестің қасиетті әйелдің рухы деген болжамын айтты. 

"Бұл 200 жыл бұрын өмір сүрген қыздың рухы. Ол өте мықты әйел болған. Қасиеті болған. Ханкөлдің өзі киелі жер. Мұнда көптеген әулиелер жерленген. Бір әйел, үш ер адам жатыр. Осында жерленген. Олардың қасиеті болған. Әйелдің жүзі сары, өте сұлу болған. Бұл осы жердің қорғаушысы. Олар жүрмейді. Олар ұшып жүреді", - дейді Ахметжанова. 

Полиция экстрасенстің болжамымен келіспейді. 

"Елес санада ғана болады. Мен елеске сенбеймін. Елес, әруақ адамның ойдан шығарғаны. Адам ауырып жатқанда құты қашады. Құты деген адамның энергиясы. Әруақ сол энергияның формасы. Мен елеске сенбеймін", - деді этнограф Талғат Омар.

Көріпкел Құралай Тезекбаева Ханкөлде жерленген әйелдің рухы тыныштық таппай жүр деген болжамын айтты. 

"Мен телефондағы видеоны қарағанда әйел не қыздың сұлбасын көрдім. Ханның әйелі не қызы ма деймін. Рухы тыныштық таппай жүр. Елес дегенге сенемін. Тылсым күш өмірде бар", - деді ол. 

"Бұл әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың не білімі таяз адамдардың шығарғаны шығар. Ондай адамдар қауесетке тез сенеді. Білімі бар адамдар жай нәрседен қорқа бермейді", - деді мешіт имамы Ілияс Отаров. 

"Ханкөлдің қасында Сегізсай деген қорым бар. 1967-68 жылдары Григорий Багриков деген ғалым ол жерде қазба жұмыстарын жүргізді. Бір әйел мен бір ер адамның бейіті табылды. Олар алтынмен апталған. Ақсүйек тұқымынан болу керек. Алтынның салмағы 50 келі болды. Кейін мұның бәрін Ресейге алып кетті. Он жылдан соң тағы археологтер келіп зерттеу жұмыстарын жүргізді", - деді тарихшы Саялбек Ғиззатов.

Ал Ханкөлге барып, елес көрінген жерді өз көзімен көрген журналист Ғалым Кәлмен өз оқиғасын айтты.

"Мен ешқашан құжатымды жоғалтпайтынмын. Жеке куәлігімді екі ай бұрын киген пальтомның қалтасынан тауып алдым. Жолға шығар алдында құжатымды жоғалттым. Ақтөбеге барарда басқа құжаттарымды жоғалттым. Әуежайымыз кешігіп, бір сағаттан кейін ұшты. Қонақ үй қызметкерлері телефон тұтқасын көтермеді. Таксилер көлігінің жағдайы нашар екенін айтып Ханкөлге бармай қойды. Тек бір ғана таксист 70 мың теңге ақшаға  баруға келісті. Күндіз ешнәрсе байқамадық. Түнде ағарған бірнәрсені көрдік. Таксист қасына бармай қойды. Көлігіміз өшіп, жүрмей қалды. Одан қарға тығылып әрең қайттық. Таксист көлігімнің оталмай қалған кезі болмаған деп таңғалды. Осындай тылсым нәрселер болды. Мүмкін сәйкестік шығар. Бірақ көп жүргізушілер баруға жүрексіне бермейді. Барса да, тез жылдамдықпен өте шығуға асығады", - деді Ғалым Кәлмен. 

Журналист елеске сенбейтінін айтады. Алайда оқиға орнында денесін үрей билеп, қорқыныш болғанын мойындады. 

"Мен ағарған сұлбаның не екенін білмеймін. Мүмкін ол қоянның көлеңкесі шығар. Мүмкін қорыққанға қос көрінген шығар. Дәл жанына баруға таксистің жүрегі дауаламады. Сондықтан кері қайттық", - деді ол. 

Ал халық емшісі Майра Өтепова студияда қойылған видеоны көргенде басы ұшбұрышты әлденені көргенін айтады. 

"Елес, рух, тылсым иелер бары белгілі. Оны жоққа шығаруға болмайды. Мен видеодан ағарға сұлбаның жолдан өтіп кеткенін көрдім. Басы үшбұрышты екен. Бұл бекер емес", - деді  ол. 

STAN.KZ
Жұма, 25 Желтоқсан, 2020 16:57
Талқылау