Бірлікке бастаған энциклопедия: Алматыда түрлі этнос өкілдерінің үш буыны кітапқа енді
Алматыдағы Достық үйінде Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының қолдауымен жарық көрген "Өнер мен мәдениеттегі Қазақстан этностарының өкілдері: есімнамалар энциклопедиясы" аясында ғылыми-танымдық дәріс өтті, – деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Елді бірлікке бастаған кітаптың оқырман қауымға берері де мол. Туындының авторы әрі құрастырушысы тарих ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі Меңдіғаным Шаймерденова кітаптың "Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің тиімділігін іске асыру" бағдарламасы бойынша жарық көргенін атап көрсетті.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ҚХА-ның Ғылыми-сарапшылық кеңесі, ҚХА-ның Ғылыми-сараптамалық тобы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессорлық оқытушылық құрамы, қалалық Достық үйі және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Сондай-ақ, профессор жиынға қатысушыларды энциклопедияға енген түрлі этнос өкілдерімен, олардың тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесімен таныстырды.
"Энциклопедияның ерекшелігі – тек ғана Қазақстандағы ғана емес өзге де алыс жақын шет елдердегі өзге де этностардың үш буын өкілдерінің өмірбаяндық құнды мәліметтерін қамтуында. Мұрағаттардан алынған құжаттық деректер сұхбаттардан, түрлі медиа ресурстардан тұрады" дейді Меңдіғаным Жамалбекқызы.
ХХІ ғасырдағы жаңғырту үдерістері аясында "Әралуандықтағы бірлік" қағидасына сәйкес құрастырылған осынау энциклопедия Қазақстанды мекендеген әрбір ұлттың қолында жүретін кітапқа айналмақ.
Сондай-ақ, "Көпэтникалық қоғамының топтасуы жалпыұлттық идеяның негізі ретінде" ғылыми бағыты бойынша жобаның жетекшісі саяси ғылымдарының докторы Шәріпбек Әмірбеков екенін атап өту ләзім.
"Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: "Біз "түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт" қағидатын қатаң сақтауымыз керек. Біз "бірлігіміз – әралуандықта" формуласында көрініс тапқан халқымыздың тарихи жетістіктерін жан-жақты еселеуге тиіспіз" деген болатын. "Өнер мен мәдениеттегі Қазақстан этностарының өкілдері: есімнамалар энциклопедиясы" ел Президенті тілге тиек еткен тарихи жетістіктерді еселеуге септігін тигізетін құрал болады деген ойдамын" дейді Меңдіғаным Шаймерденова.
Сондай-ақ, автор Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы көпсалалы оқу орны болғандықтан, кітап энциклопедия ретінде шығарылғандығын да атап өтті.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының қолдауымен оқырманға жол тартқан құнды кітаптан елімізді мекендеген барша ұлт пен ұлыс туралы толығырақ мәлімет алуға болады.
Бұл туралы , Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі М.Шаймерденова: "Кітапты дайындау барысында елімізді мекендеген қаншама ұлт пен ұлыс туралы деректер жинадық. Сонда мен олардың әрқайсысының қазақ халқына деген шексіз ризашылығына куә болдым. Қазақстан – бәріміздің ортақ Отанымыз. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тіліне деген құрметіне қарап, олардың елге, жерге деген махаббатын аңғарасың. Барша ұлттың басын қосып, бірлігін жарастырған Алматыдағы Қазақстан Халқы Ассамблеясының алдағы уақытта да атқарар ісі ауқымды. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!" деп түйіндеді сөзін.
Гүлмира САДЫҚ

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
