Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бірлік жолы: Теміртаудан Ұлытауға дейін": Qarmet компаниясының бастамасымен экспедиция тарихи жерлерге жолға шықты

Жұмысшы мамандықтары жылы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және Теміртау қаласының 80 жылдығына орай Qarmet компаниясының бастамасымен "Бірлік жолы: Теміртаудан Ұлытауға дейін" атты тарихи-танымдық экспедиция жолға шықты. Экспедицияның басты мақсаты – тарихты тану, тәжірибе алмасу, жұмысшы мамандықтарын насихаттау және ұрпақтар сабақтастығы мәдениетін дамыту арқылы корпоративтік және ұрпақаралық байланысты нығайту. Делегация құрамына қазіргі металлургтер мен ардагерлер кіріп, Ұлытау облысына сапар шекті.

Экспедиция Қаражал қаласынан, яғни Qarmet компаниясының "Өркен-Атасу" өкілдігінің кен орнынан басталды. Бұл жерден Теміртауға темір кенінің негізгі бөлігі жеткізіледі. Металлургтер кеншілермен кездесіп, әріптестеріне алғыс хат табыстады.

"Сан жылдар бойы алғаш рет металлургтер мен кеншілер бір жерге жиналды. Бұл біз үшін үлкен маңызға ие", — деді шахта ардагері Жарқынбай Жетімек.

Одан кейін экспедиция Жезқазған қаласына ат басын бұрды. Qarmet металлургтерін бұл жерде Kazakhmys компаниясының металлургтері құшақ жая қарсы алды. Қонақтар мыс балқыту зауытында түсті металлургия процесін көріп, әріптестерімен пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Сапар аясында ерекше әсерлі сәтке куә болдық. Студенттік кезден бері кездеспеген екі дос қайта табысты.

"Бұл мен үшін күтпеген әрі өте әсерлі сәт — ескі досымды өндірісте қайта көрдім, таң-тамаша болдым", — деді Qarmet-тің сортопрокат цехының ауысым бастығы Жанасыл Дүйсембаев.

Жезқазғанда металлургтер Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, музейге барды және жастармен кездесу өткізді. Ардагерлер мен белсенділер өз тәжірибелерімен бөлісіп, жұмысшы мамандықтарының маңызына тоқталды.

"Біздің мақсатымыз — ел көру, жер тану. Жастарға дұрыс бағыт нұсқау. Балаларды білім мен ғылымға шақыру маңызды. Қазіргі заман — білім ғасыры. Сондықтан жастар көбірек оқып, өз ортасымен жақын таныс болуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, біздің сапарымыз өз мақсатына жетті", — деді Qarmet этномәдени орталығының жетекшісі, металлургия ардагері Әлішер Жақыпбеков.

Экспедиция Ұлытауда аяқталды — делегация Жошы хан мен Алаша хан кесенелеріне барды. Сонымен қатар теміртаулық шеберлердің қолөнер бұйымдары көрмесі өтті. Бұл экспедиция ұрпақтарды біріктіріп, өндірісаралық байланысты нығайтып, елдің болашағы– адал еңбек екенін назар аудартты.

STAN.KZ
Бейсенбі, 22 Мамыр, 2025 14:35
Талқылау