"Бірінші кезекте жастардың сауатын арттыру керек": Қазақстандық еріктілер есірткі қылмысымен күресуге қалай көмектесуде?
Нашақорлық пен есірткі саудасы тек Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша ушығып тұрған мәселелердің бірі. Есірткі бойынша дүниежүзілік баяндамаға сәйкес, 2021 жылы есірткі тұтынатын адамдар саны 275 миллион адамға жеткен. Ал Қазақстанда бүгінгі таңда 18 264 нашақор тіркеуде тұр. Бұлардың 100-ге жуығы кәмелеттік жасқа толмағандар екенін айта кеткен жөн. “Есірткісіз Қазақстан" корпоративтік қорының директоры Жандос Ақтаев Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында азаматтарды есірткіге тәуелділіктен қорғау және елдегі нашақорлыққа қарсы күрес қалай жүріп жатқанын баяндап берді.
“Есірткісіз болашақ” корпоративтік қоры 2004 жылы құрылған. Былтырдан бастап қордың жұмысы қайта жанданды. Қор басшысының сөзінше, қазір ұйымға екі жүзден аса адам мүше.
"Есірткісіз болашақ" корпоративтік қорының басты мақсаты – еліміздің барлық азаматтарын біріктіріп, сау қоғамды қалыптастыру. Балалар мен жастарды нашақорлық пен басқа тәуелділіктерден сақтауға күш салу”, – дейді Жандос Ақтаев.
Ол қор құрамындағы еріктілерді “сарбаз” деп атайтынын атап өтті. Бұған қоса қор басшысы сарбаздардың немен айналысатынын айтып берді.
“Біздің сарбаздар еліміздің барлық өңірінде бар. Олар есірткі сататын желілерді жарнамалайтын графиттилерді бояп, оларды бұғаттаумен айналысады. Сарбаз болғысы келетін жастардың саны көп, бірақ олардың барлығы арнайы іріктеуден өтеді. Бір айта кетерлігі, біздің еріктілер есірткілерді іздеумен шұғылданбайды. Мұнымен құқық қорғау органдары айналысады”, – деп түсіндірді Ақтаев.
Сарбаздарға қойылатын алғашқы талап – психологиялық тұрғыдан дайындық деген қор директоры ұйымға кім мүше бола алатынын сөз етті.
“Алдымен, психологиялық тұрғыдан дайын адам болу керек. Біздің ісіміз қауіп-қатермен байланысты болғандықтан, бұған тек дайын жастарды аламыз. Іріктеу арнайы рекрутер мамандардың көмегімен сұхбат арқылы өткізіледі”, – деп қосты ол.
Жандос Ақтаев соңғы жылдары ел жастарының арасында нашақорлықтың күрт өскенін растап отыр. Бұл “дертті” тоқтатуға жергілікті әкімдіктер мен полиция департаменттерінің көп көмегі тиюде, дейді ол.
"Есірткісіз болашақ" корпоративтік қоры қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірігіп, есірткі саудасымен күресуде. Мәселен, біз қазір әкімдікпен бірлесе мониторинг жүргізе отырып, есірткіні сататын Telegram желісіндегі арналарды бұғаттаумен айналысып жатырмыз. Қазіргі таңда еліміз бойынша 147 Telegram-арнасы бұғатталды. Арна толық бұғатталуы үшін орта есеппен 2-3 күн қажет”, – деп толықтырды қор директоры.
Жандос Ақтаев
Жандос Ақтаев Қазақстанда синтетикалық есірткі айналымының күрт артуы көрші елдерге тікелей байланысты екенін жеткізді. Оның сөзінше, әсіресе ірі қалаларда есірткі саудасы ушығып тұр.
“Синтетикалық есірткілердің айналымы еліміздің географиялық орналасуына байланысты күрт өсті деуге болады. Мәселен, Ресей, Қытай мен Орталық Азия жалпы әлем бойынша синтетикалық есірткі өндірудің орталығы болып есептеледі. Әрине, негізгі трафик еліміздің аумағымен өтетін болғандықтан, бізде де сатылатын есірткілер саны көбейеді.
Айналым бойынша үлкен мегаполистер, әсіресе, Алматы мен Нұр-Сұлтан көш басында тұр. Бұған адам санының көптігі, нарықтың үлкендігі әсер етті. Оған қоса бұл қалаларда есірткі өндіретін зертханаларды ашып, жасыру әлдеқайда оңайырақ”, – деп мәлімдеді Ақтаев.
Есірткімен күресу үшін алғашқы кезекте жастардың бұл тақырыптағы сауатын көтеру маңызды, дейді Жандос Ақтаев. Сондықтан да бұл тұрғыда әлеуметтік желіде қазақ тіліндегі сапалы контенттің санын көбейтуге ден қойылған.
“Мысалы, біз "Esirtkisiz" әлеуметтік жобасының аясында профилактикалық контентпен айналысамыз. Instagram, TikTok желісі болсын, @esirtkisiz деп терсеңіз бірден табылады. Осы тектес контентті тарату арқылы жастардың есірткі мен тәуелділік туралы білімін көтеріп, профилактика жасауға болады. Болашақта қазақ тілді контентті жасау жоспарда бар”, – дейді ол.
Маман есірткіге тәуелділердің жүріс-тұрысы туралы да айтып берді. Оның сөзінше, егер жақын адамыңыздан нашақорға тән қылықтарды байқаған жағдайда бірден арнайы орталықтардың көмегіне жүгінген жөн.
“Есірткіге тәуелді адамның қылықтары импульсивті болып келеді, олар өзін агрессивті ұстайды. Әрі агрессивті күйден қалыпты күйге тез ауысады. Бұрыннан араласып жүрген ортасын тастап, жаңа "достар" табады. Кейде бірнеше күн, аптаға дейін жоқ болып кетіп, ештеңе болмағандай қайтып келеді. Есірткі айналымын тоқтату үшін әрбір азамат өз үйінде, айналасында не болып жатқанын білу керек. Әсіресе, ата-аналар балаларының бос уақытында немен айналысып жүргенін бақылап, оның психикалық жағдайына көңіл бөлуі қажет.
Жақын адамыңыз есірткі тұтынып жүргенін, оған тәуелді болғанын байқасаңыз, сіздің міндетіңіз – оны шырмаудан шығару. Бастысы сол адамға расымен жаныңыздың ашитынын көрсету керек. Әрине, нашақор өзін еш уақытта есірткіге тәуелді екенін мойындамайды. Содан кейін арнайы орталықтардың, мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Есірткіден тазару процесі 1-2 жылға дейін созылу мүмкін", – дейді қор басшысы.