Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бірге тұруға ұсыныс жасады": Президенттікке үміткер болған Төлеутай Рақымбековтің қызы әкесін "азғындады" деп айыптады

"Ауыл" халықтық демократиялық партиясы атынан президент сайлауына түскен Төлеутай Рақымбековтің қызы Айбота Рақымбекова әкесін "азғындады" деп айыптап, анасынан қалған мұраның бір бөлігін заңсыз тартып алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Айбота Рақымбекова

Айбота Рақымбекова әлеуметтік желідегі парақшасында бейнеүндеу жариялап, президенттен және Қазақстан халқынан көмек сұрады. Оның сөзінше, анасы әрі белгілі қоғам белсендісі Салтанат Рақымбекова көз жұмған соң әкесі "тиісіп", бірге тұру жайлы ұсыныс білдірген.

"Жеке қалған кезде тиісе бастады. Бұған дәлел ретінде сөйлескен хаттардың скриншотын ұсынамын. Мұнымен қоса ішімдік ішетін, ал мен антидепресанттар қабылдауға мәжбүр болдым. Есікті ішінен жауып ұйықтасам да, таңертең есік ашық тұратын. Бірге тұру жайлы ұсыныстарынан бас тарттым, тіпті 2021 жылдың шілдесінде азғындауға қатысты Есіл аудандық полиция бөліміне шағымдандым. Бірақ өтінішті қабыл алмады", – деді ол. 

скрин

Айбота Рақымбекова әкесінің тарапынан жасалған азғындық әрекеттері туралы туыстары да білетінін айтады. Алайда анасының "рухын сыйлағандықтан" және "ұят болады" деп үнсіз отыр екен. 

"Мұнымен қоймай психикалық денсаулық орталығында есепте тұрғаныма қарамастан, анамның өліміне мені айыптап, алаяқтық жолмен мұраның бір бөлігін тартып алды. Ол бұл үшін Астана нотариусымен келісімге келген. Бүгінде мен жүктіліктің 8-айындамын. Бірақ үйім де, күйім де жоқ. Алайда соттың бірінші отырысында мен барлық дәлелдерім бола тұра жеңіліп қалдым. Бұған әкем мен Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың (ред. бұрынғы төрағасы)жеке таныстығы әсер етті деп ойлаймын. Жақып Асанов барлық мән-жайды білмейді деген сенімдемін. Барлық әрекеттеріне қарамастан ол мені өзінің туған қызы емес деп айтты. Мұны ешқашан білмеген едім", – деп қосты Айбота Рақымбекова.

Саясаткердің қызы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, әкесі Төлеутай Рақымбековті жазаға тартуды және мұрасының бір бөлігін қайтаруды сұрады. 

Еске салайық, Төлеутай Рақымбеков 2019 жылы президент сайлауына "Ауыл" халықтық демократиялық партиясы атынан түскен еді. Дауыс беру қорытындысы бойынша ол 3,04% жинады. 

Талқылау