Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мешітте түнеп жүр: Алматы облысында үйі өртенген жалғызбасты әйел көмекке мұқтаж

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Балтабай ауылының мешітін жалғызбасты әйел паналап жүр. Өйткені, осыдан он күн бұрын Гаухар Үмбетәлиеваның үйі өртеніп кеткен. Сонымен қатар Алматыда тұратын бес балалы ана да қайырымды жандардың көмегіне мұқтаж. Жалғызбасты ана шиеттей балаларымен жалдап тұратын пәтерін жағалап келе беретін бұрынғы күйеуінен құтылғысы келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Гаухар Үмбетәлиеваның он күн бұрын үйі өртеніп кеткен. Дұрысы, бұл жерде өзі үй жасап алған темір дүңгіршегі болған. Бұрынғы су құбырына тиесілі алаңда орналасқан темір дүңгіршекті паналап келе жатқанына он жыл болған екен. Үйі - қара күйеге айналғалы мешітті паналап жүр.

"Өртенбеген Құраным, сөмкенің сырты жанып, ортасында туу туралы куәлігім қалыпты, басқа ештеңе қалмады", - деді Балтабай ауылының тұрғыны Гаухар Үмбетәлиева.

Ауылдың поштасында газет таратушы болып жұмыс істейтін жалғызілікті кісінің азды-көп жинаған қаражаты да күлге айналған. Өрт өзі үйде болмаған кезінде шығып, түгі қалмаған дүңгіршегін көрген кезінде құлап, балдаққа сүйеніп қалған. Ол әкімдік, ұзақ жылдар күткен телімін қазір берсе деп үміттенеді.

"Есімнен танып қалыппын. Мына кісілер жедел жәрдем шақырды, келмеді, мына кісілер алып барды. Қалай саласың, қайтіп саласың, елдің көмегі, беріп жатқан тиын-тебені бар ғой, екі этаж музей тұрғызам демеймін, осындай шағын үй болса да тұрғызам", - деді Гаухар Үмбетәлиева.

"Үйіне де барып көргенбіз. Вагонға тұруға болмайды деп. Акт жаздық. Ақысыз, жер үй де тауып бергенбіз, ол жерде тұрмаймын деп отыр", - деді Балтабай ауылдық округінің әкімі Жұман Мықтыбаев. 

Алматыда пәтер жалдап тұратын Салтанат Нұрмамбетова да қайырымды жандардың көмегіне мұқтаж. Үлкені он, кішісі небәрі бір жарым жасар бес баласымен қалған келіншек баспаналы болғысы келеді. Күніне екі уақыт кішісін үлкеніне қаратып, бес баласын сыртынан қамап, еден жууға кететін жалғызбасты ана, өзім жоқта - бұрынғы күйеуім балалардың мазасын алады деп алаңдайды. 

"Басқа отбасына бола, басқа әйелге бола тастап кетті. Ішімдікке салынып кетті десе де болады. Бес баламен пәтер жағалап жүрген жайымыз бар. Мазаны алып қоймағаннан кейін сотқа жүгіндім. Сот болды", - деді жалғызбасты ана Салтанат Нұрмамбетова.

Балалары үшін алатын жәрдемақыдан жырып, 40 мың теңге пәтер құнын төлейтін көп балалы ана, бұдан бұрын да қайырымды жандардан көмек сұрағанын айтады. Алайда, күйеуінің туыстары қарсы болып, қайырымдылық шарасын тоқтатып тастапты.

Талқылау