Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біреуі баяндама жасап, жауапты оқып отыр": Депутат Еділ Жаңбыршин министрлер мен орынбасарларына шүйлікті

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жалпы отырысқа дайындықсыз келетін министрлер мен олардың орынбасарларына шүйлікті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: mazhilis_kz / видеодан скриншот

Ведомство басшылары депутаттардың сұрағына жауап бере алмайды деген ол, бұл жағдайдың бірнеше рет қайталанып отырғанын айтты.  

“Біздің министрлер мен олардың орынбасарлары дайындықсыз келеді екен. Біреуі баяндама жасап, жауапты оқып отыр. Екіншісі жалпылама әңгіме айтады. Бұл бірінші рет емес, бірнеше рет қайталанып отыр. Депутаттар нақты сұрақ қояды, бірақ нақты сұрақ жоқ. Біз қайта-қайта сұрап, нақтылаймыз. Бұлай болмауы керек қой”,- деді депутат Жаңбыршин.

Депутат осы ретте кәсіпкерлердің мәселесін көтерді. Жаңбыршин бизнесті қолдаймыз деп көп мәселені бүлдіріп алдық деп айтты. 

“Біріншісі – Екібастұздағы жағдай. Екіншісі  –  МАЭК-тегі жағдай. Кешегі Қарағанды облысындағы шахтадағы мәселелер. Бұл бүкіл өндірісте үлкен проблема. Неге? Біз олардың барлығын қорғап, бизнесті дамытады деп, тексеруді прокуратура органдары арқылы реттеп қойдық. Қазір бірде-бір өндірістік қауіпсіздігі, экологиялық қауіпсіздік мәселесі болсын, кіре алмайды. Олардың қолдары байланған. Заңмен байлап қойып отырмыз. Ал оның арты адам өліміне әкеліп жатыр”, – деді депутат.

Депутат осының нәтижесінде өндірістің құлдырауы техникалардың жаңартылмауына әкеліп жатқанын жеткізді. Сондықтан салалық министрліктер барлығына ревизия жасап, біржақты шешім қабылдауы қажет деп түсіндірді. Бұлай жалғаса берсе, адам өліміне әкелетін тағы да апаттарға ұшыраймыз деді депутат өз сөзінде. 
 

Талқылау