"Біреуді басып қалуы керек пе": Алматы облысында бүтін бір аудандағы амбулаториялардың тозығы жетіп, құлағалы тұр
Алматы облысының Кербұлақ ауданында бар-жоғы 15 дәрігерлік амбулаторияның 11-і ескіріп, әбден тозығы жеткен. Дені апатты жағдайда. Бірінің төбесі опырылып, ал бірінің қабырғасы қақырап тұр. Оның үстіне, қысы-жазы жылынбайтын көрінеді. 15 жыл бұрын берілген санитарлық автокөліктерінің де жүргенінен тұрғандары көп. Әсіресе, тоқырау жылдары аудан мәртебесінен айырылған Қоғалы өңіріндегі елді мекендерде жағдай мүшкіл екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Төбесі құлағалы тұр, міне. Обал ғой тегі, адамның жатқанына. Кішкентай баламен келіп жата қалса, кішкентай бала шырылдап, шыдай алмайды. Біреуді басу керек пе, біреуге құлау керек пе", - дейді Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Қазыбек Қапанов
1500-дей тұрғыны бар Талдыбұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулатория жарты ғасыр бұрын балабақша ретінде салынған. Бұл күнде нысан әбден тозып, апатты жағдайда. Белағаштары опырылып, төбесі түскелі тұр. Қанша жамап-жасқағанымен, су өткен қабырғаның сылағы көтеріліп, едені де тесіле бастаған. Медбикелер де, науқастар да қай күні құлар екен деп үреймен күндерін өткізіп жатқандарын айтады.
"Сырты да құлап тұр. Әйтеуір, күнде аттың боғымен сылап-сылап қойып, ақтап қоямыз. Бетін жылтырлап. Өздеріңізге де белгілі ғой. Апатты болып тұр, шын", - деді Талдыбұлақ ауылдық дәрігерлік амбулаториясының қызметкері Гүлдәри Қоршамбай.
Талдыбұлақпен көршілес Көксу ауылындағы амбулатория да жаңалауды қажет етеді. Жылыту жүйесі де дұрыс емес. Ақ халаттылар қабат-қабат киіммен отырады. Ал суық тиген науқастар мұнда емделуге келіп, ауруымызды асқындырып қайтамыз дейді.
"Көксу ауылдық стационары - күндізгі бөлімі. Осы жерде келеміз. Балалармен келеміз, үлкен қарт кісілер келеді. Емхананың іші суық. Қыста да суық, жазда да суық. Бір жағында батареялары да жоқ", - деді Көксу ауылының тұрғыны Маржан Асылханова.
Аудан орталығынан 120 шақырым шалғай орналасқан ауылдағы амбулаторияның санитарлық автокөлігі де әбден ескірген. Жиі бұзылады. Жүргенінен тұрғаны көп. Қысы қатты, қары қалың өңірде мынадай ескі көлікпен жүрудің өзі қорқынышты.
"Тұрып қалады, сынып қалады. Өзіміз жарым түнде барсақ, мысалы, ауруды апарсақ, таңға жуық әрең жетеміз. Кейде сынып, әйтеуір сүйреп әкелеміз. Биыл білмеймін, енді... Қалай жүреміз? Енді, қайта рақмет, біздің жүргізушімізге, өзінің машинасымен апарады, бізді", - деді Көксу ауылдық амбулаториясының медбикесі Майнұр Мырзақұлова.
Жалпы, Кербұлақ ауданындағы санитарлық автокөліктердің дені ескірген. 18-інің 4-уі ғана толықтай жүріп жүр.
"2005 жылы алғанбыз. Міне, 15 жыл болды. Құдайға тәубә, жүріп жүр енді. Анда-санда сынса, өзіміз жөндеп, әйтеуір дәнекерлеп, аман-есен жүргізіп жүрмін", - деді Талдыбұлақ ауылдық амбулаториясының жүргізушісі Марат Ахметбеков.
"Көліктерімізді тек жөндеу ғана емес, толықтай автопаркті жаңалау қажет. Барлығы ескірген. Ал амбулаторияларға келсек, 15-нің 11-і ескі. Оның үстіне емдеу мекемесіне негізделген ғимараттар. Барлығын бұзып, қайта салу керек. Күрделі жөндеуге жарамайды", - деді Кербұлақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Қайрат Ержанов.
Бас дәрігердің айтуынша, өңірдегі ескі амбулаторияларды алдағы 5 жыл ішінде жаңалау жоспарда тұр. Бірақ оның өзі қаржының бөлінуіне байланысты. Ал жедел жәрдем бойынша, Кербулақ ауданына осы айда жаңадан 1 санитарлық автокөлік беріледі. Ол шалғайдағы Көксу ауылына жөнелтілмек.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
