"Қазақстан" шахтасындағы өртті сөндіру 1 жылға дейін созылады – Төтенше жағдай министрлігі
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов "Қазақстан" шахтасындағы өртті сөндіру жұмыстары туралы баяндады. Ведомство басшысы апат орын алған шахтаның қазіргі жағдайы туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол шахталардағы өртті сөндіру процесі өзге төтенше жағдайларға қарағанда өзгеше екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, шахтадағы өрт тау жыныстарына дейін өтіп кеткен.
“Мұндай өрттерді сөндіру оттегінің келуін шектеу арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты арнайы гипс бөгеттер салынып жатыр”, - деп түсіндірді Шәріпханов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министр атап өткендей, мұндай бөгеттердің қалыңдығы бір метрден үш метрге дейін жетеді. Қазір “Қазақстан” шахтасында 25 бөгет қойылған. Оның біреуінде жоғары температура мен газ деңгейі анықталды.
“Қазіргі уақытта бұл жұмыс жалғасуда. Осылайша өртті сөндіру ұзақ уақытты алады. Ол бір айдан бір жылға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан қазір күту керек. Мысал келтірер болсам, жақында бөгеттердің бірі тексерілді, онда температура жоғары болып, түтін байқалған, сондықтан әлі де күту қажет", – деді министр.