Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір жыл күткен: Өскеменде уақытты ауыстыруға қарсы митингке рұқсат берілді

Фото: pixabay.com

Бір жылға созылған сот тартысынан кейін Өскемен тұрғыны Леонид Карташевқа уақыт ауыстыруға қарсы митинг өткізуге рұқсат берілді. Қала әкімдігі сот шешімін орындау мақсатында митингті 2025 жылдың 5 қарашасында өткізуді ұсынды. Алайда белсенділер бұл шешімді "өз уақытында айтылмағанын және мысқылдап тұр" деп бағалады. Олардың сөзінше, себебі уақыт ауыстыру мәселесі қоғамда әлдеқашан өзектілігін жоғалтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2024 жылдың желтоқсан айында Өскемен тұрғыны Леонид Карташев уақыт белдеуін өзгертуге қарсы бейбіт митинг өткізетіні туралы хабарлама берген еді. Алайда әкімдік жиынды өткізуге рұқсат бермей қойған.

Карташев бұл шешімге сот арқылы шағым түсірді. 2025 жылдың 4 наурызында Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әкімдіктің әрекетін заңсыз деп таныды. Сот Конституциялық соттың азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын бекітетін қаулысына сүйенді.

Сот шешімін орындау үшін әкімдік Карташевтің өтінішін қайта қарап, оған ресми хат жолдады.

"Әкімдік сізге бейбіт жиналысты митинг түрінде 2025 жылдың 5 қарашасында сағат 17:00-ден 18:00-ге дейін Өскемен қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 68 мекенжайында өткізуді ұсынады", – делінген жауапта.

Қатысушылар саны – бастапқы хабарламадағыдай 99 адам. Құқықтық медиа-орталықтың директоры Диана Окремова бұл жағдайды жүйенің көрінісі ретінде бағалады.

"Заң кейде жұмыс істейтіні, әрине, жақсы, бірақ бұл ұсыныс әжуадай көрінеді. Тақырыптың өзектілігі жоғалған соң, бір жылдан кейін митинг өткізіңдер дейді. Бұл жүйеміздің бет-бейнесі", – деді ол.


Қазақстандағы уақыт белдеуін ауыстыру: Министр уақытты тиімді пайдаланғанда ғана шешімнің оң әсерін көруге болады дейді


Қазақстандық белсенді уақыт белдеуін қайтару үшін партия құрмақ: Ол зерттеу жүргізіп, қазіргі уақыттың халыққа зиян тигізіп жатқанын анықтады


Еске салайық, Қазақстан 2024 жылдың 1 наурызынан бастап бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне өтті. Бұған дейін елде екі белдеу болған, UTC+5 және UTC+6. Қаңтар айында журналистер Шаққалиевтен “Егер ғалымдар Қазақстандағы біртұтас уақыт белдеуіне өту халыққа теріс әсер етеді деп айтса, министр өзінің қатесін мойындай ма?” деп сұраған еді. Сол кезде министр "бұл шешім қате болды деп ешқашан айтпаймын" деп мәлімдеді. Дегенмен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің айтуынша, тұрғындардың уақытты ауыстыруға байланысты шағымдары өткен жылдың желтоқсан айында айтылған. Халық аймақта ерте қараңғы болып кететінін айтып шағымданған. Биыл наурыз айында облыстағы барлық аудандар өз жұмыс кестесіне, сағат 08:00-ден 17:30-ға дейін көшкені хабарланды. Яғни аймақ жаңа уақыт белдеуіне бейімделді.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 03 Қараша, 2025 14:24
Талқылау