"Бір жерде 10-15 жыл қызмет атқару жоқ": Қазақстанда ректорлардың жұмыс істеу мерзімі азайтылмақ
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда ректор лауазымына үміткерлер бұдан былай бұл қызметті екі мерзімнен артық – жалпы алты жылдан артық атқара алмайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер министрден Қазақстандағы университет ректорларына қатысты мәселенің қалай шешілетінін сұрады. Өйткені олардың кейбірі бір орында 10-15 жылдан астам қызмет атқарып жүр.
"Комиссия отырысы болып, қазір тиісті өзгерістер енгізілді. Биыл сәуір айынан бастап ректорлық қызметке үміткерлер екі мерзімнен артық қызмет ете алмайды. Біз заңнамаға тиісті өзгерістер енгіздік. Бірінші мерзім үш жыл, екінші кезең – алты жыл. Бір университетте екі мерзімнен артық қалуға болмайды", – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, қазір ректорлық қызметке үміткерлерге қойылатын талаптар айтарлықтай күшейтілген.
"Енді ректорлар үшін академиялық саладағы жұмыс өтілі 10 жылдан кем емес, оның ішінде жоғары оқу орындарында 5 жыл болуы міндетті. Ғылыми дәреже және ағылшын тілін білуге қойылатын қатаң талаптар қойылды. Үміткердің бұрын әлеуметтік желілер мен БАҚ-та адамгершілік пен беделге қатысты жағымсыз жайттарға мүлдем қатысы болмауы қажет", – деді ресми өкіл.
Сондай-ақ журналистер бұл талаптар жоғары оқу орындарын 10 жылдан астам басқарып келе жатқан университет ректорларына қатысты бола ма деп сұрады.
"Жаңа заң бұрын қабылданған шешімдерге әсер етпейді. Сондықтан біз осы заңнамалық өзгерістерге дейін тағайындалған ректорлардың келісім-шарттары біткен кезде ғана әрекет етеміз", – деп түсіндірді Саясат Нұрбек.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы ҚазҰУ университетінде “пәктік тізімі” туралы ақпараттың тарап кетуін алаңдатарлық оқиға деп атаған сенат депутаты Ольга Булавкина ректордан бастап бәрі жауапқа тартылуы керек деген пікірін жазған едік. Сенатор Ольга Булавкина оқиғаға баға бермес бұрын, деректердің интернетке неліктен тарағанын түсіну қажет екенін айтты.