"Бір жапырақ қағаз бұйырмады": Қарақат Әбілдина атақ алуға қатысты жазба жариялады
Фото: https://www.instagram.com/karakat_a/
“Парасат” орденінің иегері, әнші Қарақат Әбілдина атақ алуға қатысты ренішін жасырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі “Ұлытау” тобының атақсыз қалғанына қатысты жазба жариялады.
“Қазір әлеуметтік желіде қозғап жатқан мәселе туралы менің де айтарым бар! 25 жыл бойы домбыраны арқалап, 25 жыл бойы қазақтың үнін әлемге танытып, 25 жыл бойы мәдениет үшін тынымсыз еңбек еткен “Ұлытау” тобы тағы да елеусіз қалды. Олар марапат сұрап отырған жоқ. Бірақ еңбектің ескерілмеуі – әділетсіздік. Олар – қазақтың брендіне айналған бірегей топ. Моцарт пен Құрманғазыны бір сахнада үндестіре алған құбылыс! Олар – этно-рокты идеология үшін сахнаға алып шыққан талант иелері. “Ұлытау” болмаса, бүгінгі жастар күйге дәл осылай ғашық болар ма еді?! Домбыра дәл осындай жаңа тыныс алар ма еді?!Стадион толы халық жиналар ма еді?!”, – деп жазды Қарақат.
Сондай-ақ әнші “Ұлытау” тобын құрған Қыдырәлі Болмановтың жары болғаны үшін емес жеке пікір екенін еске салды.
“Сонда қалай?! Марапат кімге беріледі?! Халықтың жүрегінен орын алған топқа осы уақытқа дейін ресми түрде бір жапырақ қағаз да бұйырмауы әділет пе, ағайын?! “Ұлытау” тобының продюсері Қыдырәлінің жары болғаным үшін ғана емес, мәдениеттің жанашыры, ұлттық рухтың үнін көтеріп жүрген әнші, ана, азамат ретінде айтарым мынау: “Ұлытауды” марапаттау – күйге, домбыраға, ұлттық рухқа бас ию. “Ұлытауды” елемеу – ұлттық өнерді, адал еңбекті елемеу! Сіз қалай ойлайсыз?” – деді әнші.
Еске салайық, бұған дейін Президент Республика күні қарсаңында бірқатар азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады. Марапат иелерінің қатарында еңбек ардагерлері, ғалымдар, дәрігерлер, әскери қызметкерлер, өнер және мәдениет қайраткерлері бар. Олардың ішінде "Қазақстанның Еңбек Ері", "Отан", "Барыс", "Парасат", "Құрмет", "Ел бірлігі" ордендері мен Мемлекеттік сыйлық иегерлері атанған тұлғалар бар.
Республика күнінің маңызы не, мерекені не себепті қайтарды – Саясаттанушылар жауап берді