"Бір шапалақпен ұшырып жіберді": Ақын Жандарбек Бұлғақов әкесінен таяқ жеген кезін айтты
Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов “Ұйқым келмейді” бағдарламасында әкесінің өзіне не себепті ренжігенін, ұлына қол көтеруге не себеп болғаны жайлы баяндады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Айтыстан кейін бір шапалақпен ұшырып жіберген кезі бар. “Біржанның інілері, Сараның сіңлілері” деген айтыс болды. Сол айтыста бас бәйгеге видик тігіліп, мен соны ұтып алдым. Ертеңгі күні дүниені қырып келген адамдай ұйықтап жатқанмын, көңілді боп тұрып келе жатсам айтпай келіп шапалақпен ұрғанда қабырғаға жабысып қалдым. Сөйтсем әкемнің менің айтысыма көңілі толмапты. “Сен мен айтқан тәсілден басқа, өзің ізденіп ештеңе шығара алмадың. Сахнада керемет өнер көрсетпедің. Неменеңе жетісесің?” деп шапалақпен ұрған”, – дейді Жандарбек Бұлғақов.
Ақын әкесімен айтысқан кезін де еске алды.
“Айтыстың жабылып қалған кезі болатын. Жүрсін ағамыз “Айтысты ерекше форматқа көшіру үшін не істейміз? Әке мен баланың айтысын жасаңдар” деді. Сол кезде әкеммен айтысқанмын. Тіпті жеңу үшін “тоқал алып беремін” дегенім бар”, – деп күлді айтыскер.