Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қаласаңыз мүлде кесіп тастайық": Өскемендік ана баласын бір саусағынан айырған дәрігерлерге өкпелі

Өскемен қаласының тұрғыны Эльвира Әбдірахманова 3 жасар ұлының отасы үшін халықтан көмек сұрайды. 2017 жылы дүниеге келген Әлиханның оң қолының туа бітті бас бармағы жоқ. "Бұған дәрігерлердің де кінәсі бар" - , дейді ашынған ана. Сонымен қатар, кішкентай бөбек көзі қыли және мойны қисық бітіп туған. Мұнымен қоймай, бүлдіршіннің жүрегіне де ота жасалыпты. Stan.kz тілшісі Эльвира Әбдрахмановамен тілдесіп, отаға қанша қаражат жинау керегін және дәрігерлердің қателігі жайлы сұрап білді. 

әлихан

Мұзаппар Әлихан - отбасының тұңғышы. Дәрігерлер Эльвираға жүкті кезінде баласының ерні жырық болып туылатынын ескерткен. Бала туғаннан соң оң қолының бас бармағы жетілмей қалғанын дәрігерлер байқаған. Ерніне ота жасайтын кезде Әлиханның жетілмей қалған саусағын алып тастаған екен. Кішкентай Әлиханның көрер қиындығы мұнымен бітпеген...

"Уақыт өте келе баламда туа бітті жүрек ақауы барын білдік. 2018 жылы 25 мамырда жүрегіне ота жасаттық. Сәтті болды. Одан кейін баламның саусағына ота жасап, бас бармағын қалпына келтіргім келді. Бас бармақтың орнына сұқ саусақты орнатса, қолын жұма алатын, икемге келетінін шет елдік дәрігерлердің жұмысынан көрдім. Ота жасатсақ, сондай нәтиже шығады деп үміттендім. Ота 2019 жылдың 20 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласында жасалды. Бірақ біз барған ауруханада отаны жөнді істей алмай, сұқ саусақ дұрыс бітпеді. Саусақтары мүлде қозғалмай қалды, ұзақ уақыт бойы жазылмай жүрді. Карантин басталғанға дейін Нұр-Сұлтанға тағы бір рет барып, дәрігерден ары қарай не болады деп сұрасам, "білмеймін" деп жауап берді. Одан баламның қолына қайта ота жасауын сұрадым. Сонда: "Сізге қай жері ұнамай тұр? Қаласаңыз мына жерін кесіп тастайық, ана жерін мүлде алып тастайық. Мен қолымнан келгенін істедім" деп жауап берді. Дәрігердің бұл жауабынан еңсем түсіп, қирап қалғандай болдым", - дейді баласы үшін шарқ ұрыған Эльвира.

Аурухана басшылығымен болған келісім бойынша Эльвира олардың үстінен сотқа арыздана алмайтынын айтады. 

"Дәрігер өз тәжірибесінде мұндай жағдайды бірінші рет көргенге ұқсайды. Дәрігерден "осындай ота бұрын жасаған ба едіңіз?" деп сұрағанымда жасағанын айтты. Бірақ баланың қолы отадан кейін көгеруі мүмкін, мүлде саусақсыз қалуы мүмкін деп қайта-қайта ескертті. Мен дәрігерлердің біліксіздігінен жасалған сәтсіз отаға байланысты сотқа шағымдана алмаймын. Өйткені ауруханамен келісімшартқа отырғанмын. Отаның қорытындысы қандай болса да ауруханаға да, дәрігерлерге де ешқандай шағым болмайды деген келісім бар", - дейді ол.  

Эльвира Әбдірахманова баласының саусағын бұлай қалдырғысы келмейді. Әлі де жақсылыққа үмітті. 

"Сәтсіз жасалған отадан кейін кәсіби мамандар істейтін ақылы клиникаларды іздестіре бастадым. Көп адамнан ақыл-кеңес алғанымда барлығы қайта ота жасату керек деді. Отаның жалпы құны 150 000 рубль (900 000 теңге). Бұл қаражат біздің отбасымызға ауыр. Сондықтан халықтан көмек сұрап, қор ашып ақша жинауға кірістім. Әлі толық жиналған жоқ. 250 мың теңгедей ақша қолымда бар. Қалған ақшаны 12 желтоқсанға дейін тездетіп жинауымыз керек. Баламның саусығы мен жүрегінен бөлек туабітті көзі қыли, мойны -  қисық. Алдағы уақытта осыған байланысты ота жасатамыз. Бірақ бұл тегін болатын шығар деп үміттенемін", - дейді Эльвира. 

Stan.kz редакциясы Әлиханға көмек қолын созамын деуші жаны жомарт, қолы ашық жандарға реквизиттер ұсынады: 

 
Абдрахманова Эльвира Рашитовна

Сбербанк - 4578 3200 0812 4014 
Home credit - 4049 3221 1098 2280 
Каспи голд - 4400 4301 0781 3641
Каспи голд,киви - 8775 511 17 70 
Билайн карта - 8777 803 49 41 (баланс)

Киви кошелек - 8775 5111770

ИИН - 930 910 450 757

 

Талқылау