Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір отбасының жеті мүшесі опат болды": Пәкістандағы қандасымыз су тасқынынан зардап шеккендер жайлы айтты

Ресми деректерге сәйкес Пәкістанда шілде айынан бері жалғасқан су тасқыны салдарынан  миллиондаған тұрғын зардап шегіп, 1100 адам опат болған. Одан бөлек, 1 миллион үй жарымсыз қалған. Зілзаладан зардап шеккендердің арасында этникалық қазақтар да бар. Олардың сөздерінше, жергілікті атқамінерлер халыққа көмек беруге асығар емес. Stan.kz тілшісі қандастардың қазіргі күйін сұрап білді. 

Карачи қаласының тұрғыны Хамит Жорабайдың айтуынша, қазір су тасқынынан жапа шеккендер бір-бірінің үйін паналап отыр. Айтуынша, жоғалып кеткендердің не өзі, не денесі табылмай жатқан көрінеді.

”Қандастар тұратын ауылдар қатты зардап шекті. Көбі әкесіз, анасыз, бауырсыз қалып заң еңіреп отыр. Отбасының жеті мүшесінен айырылғандар да бар. Кейбірінің өздерінің отбасыларымен қоса, жақындарының жанұясын асырап отырған жайы бар. 28 жастағы қазақ бауырымыз із-түссіз жоғалып кетті”, – дейді ол. 

Сөзінше, билік басындағылар зардап шеккен қандастарға көмек беру тұрмақ, қал-жағдайын сұрап та келмепті.  

“Карачидың жергілікті атқамінерлері де жағдайымызды сұраған да жоқ. Қайта Исламабадтағы Қазақстан елшілігінен үш-төрт адам хабарласып, жағдайымыз туралы үнемі хабардар болып тұрды. Елші де арнайы келіп, балаларға жылы киімдер мен азық-түлік әкелді. Тасқынның салдарынан кейінгі жағдайымызды өз көзімен көрді.  Елшімен құран оқып, шейіт болған бауырларымызға дұға бағыштадық”, – дейді қандасымыз. 

Ер азамат қазір зардап шеккендер электр жарығынан тарлық көріп отырғанын айтады. Сөзіне сүйенсек, жарық алты сағатқа ғана беріледі екен.

“Қазақстан елшілігі мәселені шешеміз деп уәде берді. Жарақат алғандарды ауруханаға жатқызуға көмектесетінін айтты. Қазақ екенімізді дәлелдеу үшін ДНҚ сынамасын тапсырып қойдық, әзірге одан ешқандай да жауап жоқ. Елшіліктегілер Астанадан жауап күтіп отыр”, – дейді Хамит Жорабай. 

Дайындаған: Қадірәлі Сарыпбек

Талқылау