Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір емес, он бес адам кінәлі": Көмір үшін құрбан болған спортшының туыстары әділдік іздеп жүр

Қаражыра кен орнында көмір үшін құрбан болған Жасұлан Әбиевтің туыстары әділдік іздеп жүр. Марқұмның анасы ұлының өліміне бір емес, 15 адам бірдей кінәлі деп отыр. 

Алайда мамыр айында Семей қалалық соты күдікті Мәулен Марленовті ғана кінәлі деп тауып, 8 жылға бас бостандығынан айырған. Сол сот үкіміне қанағаттанбаған жандар бүгін Шығыс Қазақстан облыстық сотына тағы барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Сот үкімімен келіспеген жәбірленушілер өткен жылдың қараша айында-ақ қанды оқиға болған сәттен бастап, тергеу ісі бұрмаланды деп отыр. Айтуларынша, бейнежазба материалдары іске тіркелмеген деп санайды. 

"Бәрін жасырып қалды. Үкім дұрыс шыққан жоқ. Ұлымның балалары биыл мектепке барады. Үш баланы жетім етті. Немерелеріме не деп айтам? Келінім күйеусіз қалды?", - дейді анасы Гүлнәр Әбиева. 

Жәбірленуші Семей қалалық сотынан істі қайта қарау керектігін айтып, өтініш те білдірген екен. 

Бірақ прокурор оған келіспепті. Үкім оқылған. Кінәлі Мәулен Мәрленов абайсызда адам өлтіргені үшін 8 жылға сотталып кете барды

Жәбірленушілер облыстық сотқа шағым түсірді. Алайда шағым уақытылы түспегендіктен бұрынғы үкім өзгеріссіз қалды. Қорғаушы кешіккен себептерін дәлелдейтін анықтамаларын да әкелген. Сонда да ескерусіз қалған істі енді жоғары сотқа жолдамақ. 

Марқұм болған Жасұлан Әбиев еліміздің бес сайыс бойынша бес дүркін чемпионы. Ата-анасының айтуынша, оны ломмен ұрып, аса қатігездікпен өлтірген. Ал, қазалы оқиға болған Қаражыра Солтүстік Қазақстан тұрғындарын көмірмен қамти алмау, басы дауға қалған көмір кеніші. 

Талқылау