Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір емес, 2-3 рет жанұя құрғандары бар": Белгілі этнодизайнер қыз ұзатып жүрген жұлдыздар туралы 

Бүгінгі қазақтың тойының сәні артқанымен мәні жоғалып барады. Белгілі кәсіпкер қыз ұзату тойында сыңсу айтатын әншілерді сынға алды. Бұл күнде «жұлдыз» санатына енгендер қомақты қаражатқа бірде қыз ұзатып, енді бірде тұсау кесіп жүр екен. Анығында мұндай ырым-жоралғыларды кім өткізуі керек? 

Бұл туралы «Еуразия бірінші арнасы» хабарлайды. 

Қарақат Әбілдина, Роза Әлқожа,  Жазира Байырбекова, Мәдина Сәдуақасова, Салтанат Бақаева, Айкерім Қалаубаева, Меруерт Түсіпбаева, тағысын тағы. Бұл тізім осылай кете береді. Еліміздегі қалтасы көтеретіндердің қызын ұзатуға барып жүргендердің алдыңғы шебінде осы өнерпаздар тұр. Этнодизайнер Ырза Тұрсынзада «әншілердің сахнамен қатар тойдың да төрінен табылғанына қарсы емеспін, бірақ ырымға, салтқа араласуы дұрыс емес» деп кесіп айтты. 

«Мен таң қаламын. 5-6 бала тапқан әртіс келеді де, басына сәукеле киіп, сенің қызыңды ұзатып салады. Енді сол киелі киімді киген әртістердің ар жағында не жатыр? Ажырасқаны бар, бір емес, 2-3 рет жанұя құрғандар бар. Одан кейін 4 баланың тегін, қайдан келгенін білмейтіндер бар. Сіздің аппақ, пәк қызығыңызды тағдырыдың талай тәлкегіне  түскен, тағдырдың талай тасын асаған әншілер келеді де, жетелеп шығады», - дейді Ырза Тұрсынзада.

Қолына домбырасын алып, аламанда шындықты шырқыратып тұрып айтататын ақындарымыз да той жағалап қыз ұзату бизнесіне бет бұрғанға ұқсайды. Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысовалар бұл сөзімізге куә. Жалпы, өнер қазанының қай құлағын ұстаса да, ұзатуға келгенде бәрінің бірдей қасығын ала жүгіруі жөн емес деген пікірлер қоғамда айтылып жатыр.  

«Әнші болған адамның бәрі жарқын өмір сүреді, жолдары әрдайым ашық, олар халықтың қадірлісі деген ұғымнан туып жатыр негізі. Бұл жерде ең үлкен проблема отбасылық құндылықтар, отбасында қадірлі, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған аналардың жолы құндылық болмай, ахахау-ехехеумен жүрген әншілер шақырылып жатады. Өз басым оған қарсымын», - дейді қоғам белсендісі Айша Құрманғалиқызы.

Белгілі әнші Бағдат Сәмединова «той иелері кімді шақырса да өз еркі» деген пікірде. Егер қандай да бір әншіні отбасылық мерекесінен көргісі келсе, яғни сол кісіні құрметті деп тапқаны деп топшылайды.  

«Негізі жеңгелері алып шығатын. Болмаса келіннің түсетін жағындағы жеңгелері, не шығарып салатын жағындағы жеңгелері қолтығынан демеп шығарып салатын. Сыңсуды қыз айтатын. Енді қазіргі кезде бәрі өзгеріп, бәрі басқаша болып жатыр ғой. Дегенмен той иелері осылай шешсе, өздерінің қалауы біледі. Бірақ осыны кейінгі кезде көбі бизнеске айналдырып алған сияқты», - дейді Бағдат Сәмединова.

Ұзату өз алдына, қазір эстрада өкілдері тұсау кесудің де бел ортасынан табылатын болған. Кейбірі тіпті 20-30 баланы бір жерге жинап, «топтық» тұсаукесер жасағанын ашық ақпарат көздерінен оқыдық. Мұндай ырым-жоралғыларға өнерпаздарды шақырып қажет пе деген сауалды қала тұрғындарына қойып көрдік. 

«Менің ойымша ,үлкен кісілерге кестірген дұрыс. Өйткені сол кісілердің жолын, жасын берсе, балаларға жақсы ғой». 

«Қаншама шығындалып әншілерді шақырғанды енді білмеймін. Егер қалтасы көтерсе, әркім өзі біледі деп ойлаймын».  

«Шынын айтқанда, жастар қалғысы келмейді ғой. Әке-шешенің айтқанын тыңдап, жағдайына қарап істесе, өзіміздің дәстүрімізге қарасақ, шырайлы, әдемі болып өтер еді».

Бала шыр етіп дүниеге келгенен бастап, тәй-тәй қадам басқанына дейін аралықтың өзінде де небір тойлар өткізіледі екен. «Қазақ - ырымшыл халық» деп айтамыз, бірақ сол ырымның ар жағында не жатқанын білген де артық болмайды. 

«Балаңыздың тұсауын кесіп жатқанда сіздің қып-қызыл қаражатыңызды алып, балаңыздың тұсауын кесіп тұрған адам сіздің балаңыздың жолын ойлай ма, әлде қалтасының құттылығын ойлай ма? Өзіңізге сондай сұрақ қойыңызшы. Расында да шын ниетіңізбен мақсатыңызға жеткіңіз келсе, балаңыз асыл азамат болсын десеңіз, неге сондай асыл азаматқа тұсауын кестірмеске?!» - дейді этнодизайнер. 

Қазақтың тойларында «Көрсін! Іші күйсін! Таңдай қақсын!» деген флешмоб жүріп жатқандай. Әйтеуір бір асып түсуден бітпейтін жарыс. Біз сұхбаттасқан қоғам белсенділерінің пікірі осы. «Той  қазақтың қазынасы» деп жатамыз. Аты затына сай болса жарар еді. 

Талқылау