"Олар дәретханаға баруды орыстардан үйренді": Шетелдік қазақтарға тіл тигізгені үшін 2 жылға сотталды
Беларусь азаматы Қазақстанда ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін 2 жылға сотталды. Әйелдің ісін украиналық блогер әшкерелеуге көмектесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Рexels.com
Күні кеше Медеу аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін 38 жастағы Татьяна Мезинаға қатысты үкім шығарды. Әйел Алматыда тұрады. Kozachkov offside телеграм арнасының мәліметінше, ол "Чат-Рулеткада" украиналық блогер "Xan VASYL" деген желі қолданушысымен сөйлескен. Сұхбат барысында тілге және аумақтық тұтастыққа байланысты әңгіме болған.
“Мен беларусь, украин тілінде де сөйлей аламын. Бірақ бәрі тек орыс тілін түсінеді, ал қазақша тек "жасыбись, жок, х....к". Орысша білмейтін мамбеттер, әрине, орыс тілін білгісі келеді. Бірақ мен мамбет емеспін және мамбеттермен емес, қазақтармен араласамын”, – деген Татьяна Мезина.
Әңгіме барысында ол қазақтар дәретханаға баруды орыстардан үйренді деп айтады.
“Кеңес үкіметі келіп, оларды киізүйден шығарып алды. Киізүйдің артына емес, әжетхана салып, сонда дәрет сындыруға болатынын үйретті. "Дәретхана қағазын қолдануға да болады екен ғой, Аллаху Акбар" деді. Біз су қолданамыз, Құдай үшін. Орыстар Қазақстанға мәдениет алып келді. Сырттан келгендерге қарағанда Қазақстандағы орыс ұлты кешірек дамыды”, –
“Қазақстанның Ресейге қайта оралғанын, Ресейдің қарамағына өткенін қалайсыз ба?” деген сұрақтарға сотталушы “Иә, дінімді ауыстырамын, Беларусьті де алсын, бәрін алсын, бір ел болайық. Қазақстан Ресей болсын” деп жауап берген. Ресей әскері Қазақстанға келсе, қуана қарсы алып, солардың жағына өтетінін деп ашық айтқан.
Еліміздің құқық қорғау органдары бұл әңгімені мұқият зерделеп, Беларусь азаматының сөзі ұлтаралық араздықты қоздырады (Қылмыстық кодекстің 174-бабы) деп тапты. Сотта әйел өз кінәсін толық мойындап, сол кезде мас болғандықтан бос сөз айтқанын және бұл ісіне өкінетінін жеткізді. Ол өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Судья Залина Махарадзе сотталушының ұстанымын ескеріп, оны 2 жылға бас бостандығынан айырды. Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Татьяна Мезина жазасын қауіпсіздігі барынша төмен режимдегі колонияда өтейді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін алматылық тиктокер тікелей эфирде қазақ тілін қорлағаны үшін сотталған еді.