"Бір әулеттен 11 адам суға батып кетті": Тағы бір баланың денесі табылды
Түркістан облысындағы қайғылы хабар дүйім елдің қабырғасын қайыстырды. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері күні кеше суға батып кеткен 11 адамның 9-ның денесін жағаға шығарса, санаулы сағат бұрын ғана тағы бір мәйіттің табылғаны анықталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Бұл жайында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасында жазылған. Аталған ведомствоның ресми мәліметіне зер салсақ, бүгін таңда Түркістан облысында суға батқан 11 адамның ішінен тағы бір ер баланың денесі табылған.
"2011 жылы туылған тағы бір ұл баланың денесі табылды. Іздеу жұмыстарына барлығы 139 адам, 20 техника, 2 дрон және 9 жүзу құралы жұмылдырылды. Құтқарушы сүңгуірлер су астында жүзу құралдарының көмегімен 2300 ш.м. 42 км өзен түбін зерттеді. Пилотсыз ұшу аппараттарын тарта отырып, 51 км аэровизуалды барлау жүргізілді", – делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қара жамылған әулеттің шаңырағына арнайы барып, бір сәтте 11 адам суға батып кеткен әулетке көңіл айтты. Бұл ақпаратты аталған өңірдегі әкімдіктің баспасөз хатшысы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жариялады.
"Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданында қайғылы жағдайға ұшыраған әулетке арнайы барды. Сырдария өзенінде орын алған оқыс оқиғадан қайғы жамылған әулеттің ата-аналарына, ет жақындарына көңіл айтты. Қайғыларына ортақтасып, құранға қатысты. Тиісті көмек көрсетіп, қажеттілігінше қолдау ұйымдастыру жүргізілетіндігін жеткізді", – деп жазды баспасөз хатшы.
Естеріңізге сала кетсек, Отырар ауданында бір әулеттен шыққан 4 отбасының мүшелері дарияға демалуға келіп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Суға батқан 11 адамның 9-ы табылып, кеше жаназасы шығарылып, жер қойнына тапсырылды. Қайғылы оқиға 21 тамыз күні кешқұрым болған. Сол сәтте Түркістан облыстық төтенше жағдай департаментінің басшысы әуелі мынадай шұғыл ақпаратты жариялаған еді.
"21 тамыз күні сағат 17:40-та төтенше жағдайлар департаментіне Отырар ауданы Көксарай елді мекеніндегі Сырдария өзенінің бойында 4 отбасыдан құралған 20 адам демалу барысында адамдардың суға кеткендігі туралы ақпарат түсті. Төтенше жағдай орын алған орынға келген кезде 20 демалушының 11-і суға батып кеткендігі анықталды. Қазіргі таңда 6 адамның денесі табылып, жағаға шығарылды, 5 адамның денесін іздестіру жұмыстары жалғасын табуда", – деді Түркістан облысы ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов.
Дәл осы бейнежазбадан кейін бірнеше сағат өткен соң Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан ресми мәліметке сүйенсек, суға батқан 11 адамның ішінен ТЖД күшімен 9 адамның, оның ішінде 3 әйелдің және 6 кәмелетке толмаған баланың денесі табылып, судан шығарылды, 2 кәмелетке толмаған баланы іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Белгілі болғандай, демалыста 20 адамнан тұратын бір әулеттен 4 отбасы болған. Олар шомылуға рұқсат етілмеген аймақта суға түскен көрінеді.
Бейне материалдың толық нұсқасын дәл қазір Stan.kz Youtube арнасынан көріңіз.