Бір-ақ жылдың ішінде: 350 келіге семірген полицей жұмысынан кеткен соң 3 есе арықтады
Ұлыбританияда салмағы 350 келіге жеткен бұрынғы полицей небәрі бір жылдың ішінде үш есе арықтады.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Wales Online сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Стюарт Проссер 17 жасынан бастап полицияда жұмыс істеген. 30 жылдың ішінде оның салмағы 300 келіге жеткен.
«Ең соңында қозғалуым қиындап кетті. Сондықтан үстел басында жиі отыратын болдым. Артынша жұмыс істей алмайтыныма көз жеткіздім. Сондықтан өз еркіммен отставкаға кеттім», - дейді ер адам.
Проссер 2014 жылы қызметінен кеткен. Мұнан кейін ол үш жыл бойы үйінен шықпапты. Тіпті, дәретханаға әрең жететін күйге түскен.
«Мен өзіме қарайтындай күйде болмадым. Сондықтан отбасым үшін масылға айналдым», - дейді ол.
Мұндай халге жеткен Проссер күйзеліске түсіп, тіпті, өзіне қол жұмсау туралы ойлай бастапты.
2017 жылы бұрынғы полицейдің қарнындағы жараға инфекция түсіп, ауруханаға жеткізілген. Сол кезде ер адамның салмағы 350 келіге жеткен екен. Сондықтан оны жедел жәрдем көлігіне жеткізу үшін 12 адамның көмекі қажет болыпты.
Проссер ем кезінде 120 келі салмақ тастап, үйіне оралғаннан кейін жоғалтқан салмағы қайта қалпына келеді. 2018 жылдың маусым айында ол төсектен құлап, орнынан тұра алмай қалған. Салдарынан тағы да ауруханаға түсіпті.
Бұл жолы Проссер өзін қолға алуды ұйғарып, диета ұстап, жаттығу жасай бастаған. Бастапқыда ол велосипед пен жүріс арбасының көмегімен жаттығады. Артынша асхананы жаттығу залына айналдырыпты. Осылайша, ол 12 айдың ішінде 332 келіден 111 келіге арықтаған.