Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Білім министрлігі магистратура мен докторантураға түсудің жаңа шарттарын жариялады

Пандемияға байланысты білім және ғылым министрлігі магистратура мен докторантураға түсу үшін Duolingo және IELTS INDICATOR онлайн тестілердің сертификаттарын қабылдауға рұқсат берді,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

емтихан

"COVID-19 пандемиясы жағдайында ағылшын тілін білу деңгейін анықтайтын IELTS халықаралық емтиханын дәстүрлі форматта тапсыру мүмкіндігінің болмауына байланысты ҚР білім және ғылым министрі жоғары оқу орындарының түлектеріне магистратура мен докторантураға түсу үшін Duolingo English Тest және IELTS INDICATOR тапсыруға рұқсат беретін бұйрыққа қол қойды", - делінген ведомствоның хабарламасында.

Министрліктің мәліметінше, тестілеу емтихан кезінде көшіріп алуға мүмкіндік бермейтін ақпараттық жүйелер арқылы тек электронды форматта тапсырылады.

Магистратураға түсу үшін Duolingo English Test бойынша шекті балл 95-тен кем емес, IELTS INDICATOR бойынша – 6,0-тен кем емес. Докторантура үшін Duolingo English Test бойынша шекті балл 85-тен кем емес, IELTS INDICATOR бойынша – 5,5-тен кем емес.

Duolingo English Test сертификатының қолданылу мерзімі 1 жылды құрайды, ал IELTS INDICATOR сертификаты 2 жылға дейін жарамды.

Шет тілін меңгергендігін растайтын сертификат тек докторантура үшін міндетті. Магистратураның білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін Duolingo English Test, IELTS INDICATOR халықаралық сертификаттарын ұсынуға немесе кешенді тестілеу (КТ) барысында шет тілінен тест тапсыруға болады.

Сонымен қатар ведомство кешенді тестілеу және білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштерді қабылдау мерзімдерін еске салды.

Магистратура үшін:

Кешенді тестілеуге қатысу үшін өтініштерді қабылдау ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы https://pvo-zayav.testcenter.kz жоо қабылдау комиссияларымен 15 маусымнан 15 шілдеге дейін жүргізіледі.

Кешенді тестілеу 1 - 15 тамыз аралығында компьютерлік форматта өткізіледі. Магистратура бойынша білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер 16 - 20 тамыз аралығында қабылданады.

Доктарантура үшін:

Оқуға түсуге өтініштерді қабылдау ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының https://pvo-zayav.testcenter.kz сайты арқылы жоо қабылдау комиссияларымен 3 шілдеден 3 тамызға дейін жүргізіледі. Докторантураға түсу емтихандары 4 - 20 тамыз аралығында өткізіледі.

Талқылау