Бір ғана банк тағайындайды, ал шарттары тиімсіз: Қазақстандық студенттерге неліктен арзан білім беру несиелері қарастырылмаған?
Қазіргі заманның басты талабы - білікті маман атану екені сөзсіз. Біреулер жұмысқа тұрмас бұрын ЖОО-да білім алуды жөн көрсе, кейбіреулері мектепті бітіре салып, жұмыс істегенді дұрыс деп санайды. Десек те көп жағдайда жұмысқа орналасу үшін университет дипломы талап етіледі. Ал мектеп қабырғасынан аттап, күрделі емтихан тапсырған оқушылардың барлығы, өкінішке орай, білім грантын иелене алмай қалып жатады, сондықтан көбісі ақылы түрде оқиды. Ал енді біреулері қаржылық жағдайына байланысты жоғарғы білім алудан бас тартуға мәжбүр. Осы тұрғыда елімізде мәселені шешу үшін білім беру несиелерін беру жүйесін енгізу және дамыту қолға алынды. Банктер талапкерлерге қаржылай көмек көрсетіп, оларға несие тағайындайды. Ал бұл білім беру несиелерін қалай алуға болады? Оның шарттары қандай? Білім беру несиелерін көмегіне жүгіну дұрыс шешім бе? Шетелде оқығыңыз келсе, не істеуге болады? Бұл туралы Stan.kz редакциясының материалынан оқи аласыздар.
Қазіргі таңда білім алу несиелері - дамыған мемлекеттерде кең таралған банк өнімдерінің бірі. Мәселен АҚШ-та, Канадада, Аустралия мен Жаңа Зеландияда, Еуропаның мемлекетерінде студенттердің 60%-ы жоғары білім алу мақсатында банктің көмегіне жүгінеді. Сондай-ақ білім алу несиелерінің танымалдылығы Ресейде, Қытайда, Украинада, БАӘ және Сингапурда артып келеді.
Жоғарғы білім алу үшін несиеге жүгіну қаншалықты дұрыс?
Білім беру несиелерінің негізгі артықшылығы - банктік басқа өнімдерімен салыстырғанда мұнда төлемді кейінге шегеру мүмкіндігінің болуы. Яғни, бұл ұзақ мерзімді несие болып табылады. Мұндай несиені алғаннан кейін төлемді оқу бітіріп, аяққа тік тұрған соң да төлей аласыз. Десек те бұл шет мемлекеттерде ғана қарастырылған. Қазақстандық банктер мұндай жұмсақтық танытпайды: біздің елімізде несиені университет бітіргеннен кейін жарты жыл өткен соң төлеу міндетті.
Білім беру несиелерін қысқа мерзімге де алуға болады. Көбіне студенттер грантқа ие бола алмай қалған жағдайда осындай несиеге жүгінеді.
Аталмыш банк өнімі әдетте төменгі мөлшерлемемен беріледі. Мәселен тұтынушылық несиелердің пайыздық мөлешерлемесі 20% құраса, білім беру несиелері 15%-бен беріледі.
Айта кетейік, білім беру несиесін студенттің өзі де, оның ата-анасы да ала алады.
Білім беру несиесін қалай алуға болады?
Елімізде 2005 жылдан бастап білім беру несиелерін "Қаржы орталығы" АҚ мемлекет атынан екінші деңгейдегі банктер арқылы кепілдендіру бағдарламасы алуға болады. Бағдарламаға сәйкес талапкерлер жоғары оқу орындарында бакалавриат, магистратура, докторантура мен колледждерде білім беру қызметтерінің ақысын төлеу үшін несие ала алады. Қазіргі таңда еліміздің білім беру несиесін екінші деңгейлі мына банктер береді: "Forte Bank", "Нұрбанк". Бұған қоса Қаржы орталығының сайтында білім беру несиесін Tengri bank-тен алуға болатынын көрсетілген. Алайда банк басшылығы бір жыл бұрын студенттерге несие беруден бас тартқаны белгілі болды.
Әр банктің шарты әртүрлі, алайда мақсаты бір - оқу ақысын төлейтін жандардың жағдайын жеңілдету.
Барлық банктегі басты талап студент ҰБТ / КТ нәтижелері бойынша кемінде 50 балл жинауы керек немесе ағымдағы емтихан сессиясының нәтижелері бойынша GPA 1,33 баллдан немесе бес балдық жүйе бойынша 3,5 баллдан кем емес болуы шарт.
Егер де қарыз алушының табысы болмаған жағдайда бірлескен қарыз алушы қажет.
Оқу кезінде және оқу аяқталғаннан кейін алты айға дейін негізгі борышты кейін төлеуге болады.
Қазақстандық банктерден білім беру несиесін алу тиімді ме?
"Forte Bank" 10 жылға дейін 11% мөлшерлемемен кепілсіз несие береді. Басты талап Ұлттық біріңғай тестілеуден шектік балды жинау. Ескеріп кетерлік жайт, несие Қазақстан бойынша тек екі жоғары оқу орнының студенттеріне, "Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті" мен "Нархоз" университетіне ғана бөлінеді. Кредит 150 000 теңгеден 3 000 000 теңгеге дейін беріледі.
"Нұрбанк" 10 жылға дейін жылдық тиімді мөлшерлемесі 22,5%-дан бастап несие береді және оқу құнына қарай белгіленеді, ол 5 000 000 теңгеден аспауы керек. Банк бакалаврда күндіз оқитын және сырттай, кешке оқитын студенттерге де қаржы бөледі.
Мәселен, жылына оқу құны 700 000 теңге болса, төрт жылға 2 800 000 теңге. "Нұрбанктен" мөлшерлемесі 22,5%-бен он жылға несие алғыңыз келсе, несие ала алатын туысыңызбен келуіңіз керек. Студент өздігінен несиені төлей алмайтындықтан бастапқы төрт жыл тек жеңілдік мерзімі бойынша айына 46000 теңгеден төлейді, оқуды бітірген соң, жұмысқа орналасқанша алты айға несиені кейінге шегеруге болады. Тұрақты жұмысқа орналасқан соң, несиенің бастапқы қарызын төлеу керек, айына 67000 теңге. Несие алған соң, банктен траншпен университеттің шотына сіздің атыңызға әр семестр сайын ақша аударылып тұрады.
Төрт жылға 2 800 000 теңге алып, үстемемен 4 268 000 теңге қайтарасыз.
Білім беру кредитін алу үшін қандай құжаттар керек:
- Жеке куәлік;
- Нотариалды куәландырылған ҰБТ сертификатының көшірмесі, ал студенттерге соңғы сессияның бағалары;
- Жоғары оқу орнының құны көрсетілген төлем шоты;
- Несие алушы кәмелетке толмаса, ата-анасының немесе заңды қамқоршыларының қарыз алуға нотариалды куәландырылған келісімі, сонымен қатар банктің сұратуымен басқа да құжаттар әкелу керек.
Қарыз төленбесе, не болады?
Студент банктің қойған шарттарын орындамай, несиелік міндеттерін өтемесе, кепілдікке берілген соманы төлеу жөнінде "Қаржы орталығына" талап қоя алады. Борышкермен жұмыс жүргізіліп, несиені өтеу үшін белгілі бір мерзім беріледі. Ең алдымен ескерту жіберіледі, ал кейін келіссөздер өткізіледі.
Ескертулерді қарыз алушы ескермесе, "Қаржы орталығы" қарызды сот тәртібімен "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" заңына сәйкес өндіріп алады, сонымен қатар борышкерді қара тізімге енгізуі мүмкін.
Білім беру несиелерін шетелдік банктерден қалай алуға болады?
Өкінішке орай, шетелдік бактерден халықаралық студенттердің несие алуы өте күрделі үдеріс. Шетелдік банктерден несие алғанда, ең бастысы, оқу бағдарламасын таңдауға назар аударған жөн. Көп жағдайда сырт елдердегі банктер білім беру несиесін тағайындауда студент таңдаған университетке көңіл бөледі. Ал кейбір ЖОО-да осы мақсатта банктермен арнайы келісімдері болады.
Шетелдік банктерде несие алу үшін қойылатын талаптар өзгеше. Мәселен, кейбір мемлекеттерде сіз білім беру несиесін алғаннан кейін кемінде үш жыл сол елде қалып, жұмыс істеуіңіз керек.
Тағы бір айта кетерлігі, шетелде несиені тек ЖОО-ға түсу үшін ғана емес, сонымен қатар қысқа мерзімді курстарға, тағылымдамадан өту үшін де алуға болады. Ал банктен беретін қаражат қарыз алушының қолына емес, тікелей оқу орнына аударылады. Бұған қоса кейбір банктерде университет ақысынан бөлек, оқу мерзімі аяқталғанға дейінгі барлық шығындарды өтеуге қаржылай көмек көрсету қарастырылған.
Мысалы, АҚШ-тың білім беру несиесінің алу үшін сіздің сол елде кепілдендіруші тұлғаңыз болуы шарт. Мұнда несиені 20-25 жылға дейін ұзартып алып, оқу бітіргеннен бес жыл өткен соң төлеуді бастасаңыз болады. Шетелдік студенттер үшін АҚШ-тың мемлекеттік банктері несие бермейді: бұл үшін сіз жекеменшік қаржы ұйымдарына жүгінесіз. Салыстырмалы түрде АҚШ-та білім беру несиелерінің пайыздық мөлшерлемесі 3,53%-дан басталып, 14,50%-ға дейін жетуі мүмкін.
Stan.kz редакциясы осы тақырыпта сарапшының пікірінің білген еді. GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық елімізде білім беру несиелерінің санын көбейту керек деген пікірде.
"Расымен де, білім беру несиелері шетелдерде кең түрде пайдаланылады. Көптеген азаматтар білім беру несиесіне жүгіну арқылы өздерінің біліктіліктерін арттырып, әр түрлі мамандық иесі атанып, дипломдарына қол жеткізіп жатады. Ол жақта оқуға түсу үшін берілетін несиелердің пайыздық мөлшерлемесі төмен, сондықтан да халық оның көмегіне жиі жүгінеді. Ал бізде пайыздар әлдеқайда жоғары. Бұған дейін Қазақстанда Eurasian Bank-те білім беру несиесін тағайындайтын еді. Алайда қазір бұл банкте аталмыш қызмет тоқтатулы. Ал Нұрбанкті алып қарасаңыз, онда пайыздық мөлшерлеме 16%. Бұл да аз ақша емес. Осы тұрғыда несие саясатын түбегейлі өзгерту қажет деп ойлаймын", - дейді маман.
Бұған қоса ол қазақстандық банктер білім беру несиесінен неліктен қашатынын түсіндірді.
"Бұның себебі неде? Біздің теңгеміз жиі құнсызданады. Сондықтан банктер ұзақ мерзімге несие беруден бас тартады. Бұл олар үшін тиімсіз. Қай мемлекетте базалық пайыздық мөлшерлеме төмен, демек сол елде несиелердің пайыздары төмен. Тиісінше, білім беру несиелерінің пайызы да аз. Ал Қазақстанда базалық пайыздық мөлшерме 9% болғандықтан банктер несиені оны бернеше еселеп береді. Біздің банктер білім беру несиелерінен қарағанда көбіне тұтынушылық несиеге көңіл бөледі. Білім беру несиелерінен банктер аз табыс көреді. Сол себепті де олар мұндай несиені бергісі келмейді. Студенттер төрт жылда жоғарғы білім алып шығады ма жоқ па, бұл банк үшін үлкен қауіп. Біздің елімізде білім беру несиелері болуы қажет. Мүмкіндігінше ол несиелердің пайызы да төмен болуы керек. Себебі елімізде талапкерлердің барлығының ата-анасының оқу ақысын төлеп беретіндей жағдайы болмайды", - дейді сарапшы.
Сөзінше, білімге бағытталған қаражат - өзіңе жұмсаған ең маңызды инвестиция.
"Өз басым екінші деңгейлі банктен несие алуға кеңес бермеймін. Десек те бүгінгі күні халық той жасауға да несие алып жатыр. Оның жанында оқуға түсу алынатын несиенің орны бөлек. Өйткені бұл сіздің болашағыңызға құятын капиталыңыз. Біліктілігіңізді арттырып, болашақ маман болуға алынатын несие өзін-өзі ақтайды. Сол себепті мұндай құралды банктер көптеп енгізу керек деп ойлаймын. Ал егер оның пайыздық мөлшерлемесі де аз болса, нұр үстіне нұр болар еді", - деп аяқтады сөзін Мақсат Халық.
Дайындаған Сабина Нұрғали
Дидар Халық

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
