Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Биліктің күресіне 4 жасар қыздың қатысы қанша еді": Қаңтарда оққа ұшқан Айкөркемнің әкесі барлық кінәлілерді жазалауды талап етеді

Бүгін, 2 наурызда Алматыда Қаңтар оқиғалары кезінде оққа ұшқан төрт жасар Айкөркем Мелдеханның ісіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Бұған дейін бас прокуратура кішкентай қыздың өліміне кінәлі азаматтың анықталғанын айтып, істің сотқа жіберілетіні мәлім болған. Алайда істі жүргізген адвокат пен қыздың әкесі істің бір жақты тергелгенін алға тартып, бұл шешіммен келіспейтіндерін айтады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Айдос Мелдехан

Баспасөз отырысына Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан, жәбір көрген отбасының қорғаушысы Рафик Бейсебеков, журналист Бақытжан Қосбармақов және басқа да құқық қорғау саласының мамандары мен журналистер қатысты.

Адвокат Рафик Бейсебеков істің алғашқы күннен бастап дұрыс жүрмегенін айтады. Сөзінше, көлікте отырған Айдос Мелдеханның 8 жасар ұлы жәбірленуші деп танылмаған.

"Оны не себепті жәбірленуші деп танымадыңыздар деген сауалымызға тергеуші әрі білдей бір майор "оған оқ тиген жоқ қой" деп жауап берді. Тек біздің шағымдарымыздан кейін ғана баланы жәбірленуші деп қосты", - дейді қорғаушы.

Бейсебековтің айтуынша, мұның барлығы құқық қорғау саласының немқұрайлылығы мен жауапсыздығының дәлелі. Адвокат сондай-ақ істің 451-баппен (билік өкілетін асыра пайдалану) қаралғанының қате шешім екенін баса айтады. 



"Қылмыстық кодекске сәйкес, 451-баппен бірге 99-бап (адам өлтіру) қатар қозғалуы тиіс. Көлікте отырған үш баланың екеуіне оқ тиген, біреуіне тимесе де бұл адам өлтіруге оқталу ретінде қаралады. Сондай-ақ Жоғарғы соттың шығарған шешімі бойынша, атыс қаруынан оқ атылса – бұл жерде автоматтан оқ атылған өзге адамдардың өміріне қауіп төндіру болып саналады. Сонымен қоса бір топ адамның қатысуымен жасалған қылмыс. Көлікке қарсы 5 адам оқ жаудырған. Бірақ олардың біреуінен басқаларына қарсы іс қозғалған жоқ", - дейді адвокат.

Бейсебеков оқиғаға қатысты 5 адамның барлығын "қылмысқа қатысушы" деп санап, үстерінен іс қозғауды талап етеді.

Адвокат сонымен қоса осы оқиғаға қатысты іс қозғалғаннан кейін Айдос Мелдеханды қорқыту мен арандату оқиғалары болғанын жеткізді. Мелдеханның үйіне келген екі құқық қорғау қызметкерлі оны қорқытып, "тірі қалған басқа балаларыңды ойла, ертең саған бірнәрсе болып қалса олар не істейді, көлігіңнен тыйым салынған зат табылып қалуы мүмкін" деген сөздерді айтқан.

Қайғылы оқиғадан кейін "үйімізден тыныштық кетті" деген Мелдехан заңгерінің сөзін растайды.

"Отбасым әділетсіздіктен шаршады. Бізге артық нәрсенің қажеті жоқ, біздің талабымыз біреу ғана. Оқ атқан адамның барлығы жауапкершілікке тартылсын, бұйрық берген адам жазалансын. Жеті оқ тиіп жансақтау бөлімінде жатқан қызыма көмектессін. Бұл биліктің күресіне 4 жасар қыздың еш қатысы жоқ еді", - дейді Айкөркемнің әкесі.

Адвокат Рафик Бейсебеков 7 қаңтарда (қаңтар оқиғаларының тұсы – ред.) Алматыда жағдай тұрақтанғанын еске алып, ол уақытта қару қолдануға ешқандай негіз болмағанын алға тартады. 

"Қызыл жанған бағдаршамның алдына тоқтаған көліктен қауіп төнбейтін еді. Олар тек өздерінің "қанішерлік құмарлықтарынан" оқ атқан", - дейді ол.
Шараға қатысқандар істің әділ тергелуін талап етіп, бұл оқиғаға барлық қоғамның назар аударуы тиіс екенін айтты.

Еске салайық, төрт жасар Айкөркем Мелдехан былтыр 7 қаңтарда Алматыда дүкен іздеген жақындарына ілесіп жүрген кезде оққа ұшқан. Оның 16 жастағы әпкесі жараланып, ақпанда ауруханадан шыққан. Көлікке кім оқ атқаны әлі күнге дейін белгісіз. Балалардың әкесі бұған дейін көліктен әскери оқ тапқанын хабарлаған.

Талқылау