Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызыл адвокат": Абзал Құспанға тіл тигізген саясаткерге қатысты сот үкімі шықты

Танымал адвокат Абзал Құспанға тіл тигізген Болат Әбіловке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Белгілі заңгер Абзал Құспан кәсіпкер-меценат, қазіргі оппозиция өкілдерінің бірі Болат Әбіловті өзіне "жала жапты" деп айыптап, сотқа берген. 

Іске қатысты сот үкім шығарып, кәсіпкерді әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұл төлеуге міндеттеген. 

“Сот Б.Әбіловты А.Құспанға қатысты жалған ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде, “Maidan” youtube арнасында таратқаны үшін кінәлі деп танылды. Ауданаралық арнайы сотының шешімі бойынша, Б.Әбілов мемлекет кірісне 551340 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді”, –делінген сот шешімінде.

Сот шешіміне қатысты Абзал Құспанның өзі де пікір білдірді. 

“Сөз бостандығы – ол сөз иесінің барлық жауапкершіліктен босатылуы дегенді білдірмейді. Жала жапқаны, адамның ар-ұжданы, абыройына тиіскені, мазақ қылғаны үшін жауапкершілік әлемнің барлық дамыған елдерінің заңдарында қарастырылған. Оған заманауи заңдарымыздың және демократияның бастауы деп танылған Француз Революциясынан бастап шыққан барлық ұлы еңбектер мен трактаттарды оқысаңыз да оңай көз жеткізесіз. Желіде, қоғам арасында, әлеуметтік, саяси ортада бір-біріміздің арымызды таптамай, жеке басқа тиіспей мәдениетті түрде пікір таластырып үйренейік. Абайша айтқанда, сөз түзелмей, ел түзелмейтінін есте сақтайық”, – деп жазды Абзал Құспан. 

Осыған дейін Абзал Құспанға қатысты “қызыл адвокат”, “биліктің адамы” деген пікір білдірген саясаткер Болат Әбіловтың үстінен іс қозғалғаны туралы айтқан болатынбыз.

 

Талқылау