"Алаяқтықпен айналысып отыр": Гүлзира Айдарбекова FlyArystan әуе компаниясын сынады
Фото: https://www.instagram.com/gulziraaidarbekova/
Танымал продюсер, арт-директор Гүлзира Айдарбекова FlyArystan әуе компаниясына шүйлікті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі Алматы-Қызылорда бағытына ұшатын рейске билет алған.
“Flyarystan-ның былығы көп. Негізі мен 3А-ға билет алған едім. Ұшаққа кіргенде “Сіздің орныңыз ауысып кетті, 37-орынға отырыңызшы” деді. Мен бірден қарсы болдым. Сіздің орныңыз беріліп кетті. 7-қатарға ауысыңызшы деді. Содан 7-қатарға отырдым. Бірақ өкініп қалдым. Міне, менімен 20 шақты өнер жұлдыздары Қызылордаға бірге ұшып барады. Барлығы өз орындарында отыр. Ешқандай да ауыспаған. Менің орнымды сыртымнан сатып жіберген. Осындай былықтары көп. Бұл компанияға арыз-шағым айтып жатса да, қайыр жоқ. Менің ақша төлеп сатып алған орныма, басқа біреу иелік ете салды. Алдыңғы қатарға ғана отырамын деген ештеңем жоқ. Аман-есен жетіп алсақ болды. Бірақ мына әрекеттері алаяқтыққа жатады. Біреудің орнын алып, біреуге бере салған бола ма?! Бекер келісім бергеніме өкініп тұрмын. Өз орныма отыруым керек деп қиғылық салуым керек еді. Үндемеген сайын басқа мінеді екен. Айтуға сөзім жоқ. Болмашы нәрсені ашынып айтпаушы едім. Жүк өткізуге келгенде де қанды ішетіні бар”, – деп ашуланды продюсер.
Stan.kz тілшісі әуе компаниясынан пікір сұрады.
“FlyArystan әуекомпаниясының жолаушысы билетті туристік агенттік арқылы сатып алған. 9 қыркүйек күні агенттік өкілдері брондаудағы орынға өзгеріс енгізіп, содан соң жолаушыны тіркеген. Бұл өзгерістер әуекомпаниясының брондау жүйесінде дұрыс көрсетілген. Отырғызу барысында әуекомпанияның жерүсті қызметкерлері жүйедегі өзекті деректерді негізге алып, жолаушының орны жетінші қатарда екенін хабарлаған. Жолаушы өзгерістің себебін нақтылап, қажет түсініктеме алған соң еш қарсылықсыз өз орнына жайғасқан. Қызметкерлердің әрекеті жүйедегі ақпаратқа толық сәйкес, дұрыс және сыпайы түрде орындалды. Әуебилеттері агенттіктер немесе өзге де сыртқы сервистер арқылы сатып алынған жағдайда, брондауға өзгерістерді (оның ішінде орын таңдау және ауыстыру) сол тарап енгізеді. FlyArystan әуекомпаниясы өз кезегінде рәсімдердің жүйедегі өзекті деректерге сай орындалуын қамтамасыз етеді”, – делінген ресми хабарламада.

"Екі күйеу жігіттің де есімі – Нұрсұлтан": Алматылық әпкелі сіңлі бір күнде ұзатылып, ерекше той жасады
