Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге қосымша кәсіп ашуға рұқсат берілді: Бұл кімдерге қатысты

Мектеп пен аурухана директорлары енді кәсіп ашып, табыс таба алады. Бұрын толық тыйым салынған санат енді кәсіпкерлікпен айналыса алады. Бірақ толық еркіндік берілмейді, мемлекеттік қызметкерлерге тыйым сақталады. Бұл туралы Stan.kz тілшісі хабарлайды.
Қазақстанда мемлекеттік мекемелердің басшыларына бизнес жасауға рұқсат берілді. Сенат заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, бұрынғы жалпы тыйымды алып тастады. Енді мемлекеттік қызметкерге теңестірілген басшылар, яғни үкіметтік емес ұйым жетекшілері мен түрлі басқарушылар – кәсіпкерлікпен айналыса алады.
2026 жылғы 3 қаңтардан бастап заң өзгерді. Енді квазимемлекеттік сектордағы кейбір басшыларға кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат берілді. Бұрын оларға толық тыйым болған.
Кімдерге рұқсат берілді?
Мемлекеттік қызметші емес, бірақ мемлекеттік функция атқаратын тұлғаларға, атап айтқанда:
- мемлекеттік мекемелердің басшылары (мысалы, мектеп, аурухана директорлары)
- мемлекеттік кәсіпорындардың бірінші басшылары мен олардың орынбасарлары
- квазимемлекеттік ұйымдардың басшылары
- мемлекеттік сатып алу бөлімдерінің басшылары
- филиал директорлары
- "Азаматтарға арналған үкімет" қызметкерлері
- жол саласында техникалық және авторлық қадағалау жасайтын мамандар
Яғни олар мемлекеттік қызметкер емес, бірақ басқарушылық қызметтегі адамдар.
Кімдерге мүлде тыйым салынған?
- мемлекеттік қызметкерлердің өзіне
- ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың басшыларына
- ұлттық және өңірлік даму институттарының басшыларына
- олардың еншілес ұйымдарының жетекшілеріне осы санатқа кәсіпкерлікпен айналысуға бұрынғыдай тыйым сақталады.
Қандай шартпен рұқсат?
Бизнес жасауға болады, бірақ:
- ол негізгі жұмысына кедергі келтірмеуі керек
- қызметтік немесе мемлекеттік мүлік пайдаланылмауға тиіс
- мүдделер қақтығысы болмауы керек
Алдын ала "бизнес бастадым" деп жариялау міндеті жоқ. Бірақ Салық кодексі мен Кәсіпкерлік кодексінің талаптары сақталуы қажет.
Заң бұзылса не болады?
Егер қызметтік мүлікті пайдаланса, мүдделер қақтығысы туындаса немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарды бұзса:
- жұмыстан босатылуы мүмкін
- әкімшілік жауапкершілікке тартылады
- қылмыстық жауапкершілік те болуы мүмкін.
Сонымен қатар олар бұрынғыдай қаржылық бақылауда болады, туыстарымен бірге жұмыс істеуге шектеу сақталады. Қысқасы, кейбір басшыларға бизнеске жол ашылды. Бірақ "бәріне бірдей еркіндік" жоқ.
Мемлекеттік қызметі істері агенттінің мәліметіінше, олар әлі де мемлекеттік қызметкерлермен бірдей сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауда болады. Яғни, егер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса, қылмыстық та, әкімшілік те жауапкершілікке тартылады.
"Бұдан бөлек, оларға қаржылық бақылау жүргізіледі, мүдделер қақтығысына жол бермеу талап етіледі және жақын туыстарымен бірге жұмыс істеуге тыйым салынады. Мәртебесі сәл өзгеше болғанымен, жауапкершілік пен талаптар бұрынғыдай қатаң сақталады", – деп жауап берді мемлекет қызмет істері агенттігі.
Айта кетейік, заңда кәсіпкерлік қызметті бастар алдында оны арнайы жариялау немесе қосымша тіркеу міндеті қарастырылмаған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, Қазақстанда заңмен тыйым салынбаған кез келген бизнеспен айналысуға болатынын айтады.
"Ал мемлекеттік функция атқаратын адамдарға теңестірілген тұлғалар да кәсіп ашса, олар бәрі сияқты ортақ ережеге бағынады. Яғни:
- Кәсіпкерлік кодексінің талаптарын сақтауы керек;
- Салық кодексіне сәйкес тіркеліп, салық төлеуі тиіс;
- Кәсіпкерлікке қатысты басқа да заң талаптарын орындауы қажет", – деді агенттік өкілі.
Агенттіктің дерегінше, заң жобасын әзірлеуге Конституциялық соттың шешімі негіз болды.
"2023 жылғы 13 маусымда Конституциялық сот "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңның 13-бабындағы кәсіпкерлікке толық тыйымды Конституцияға сәйкес емес деп таныды. Соған байланысты 2026 жылғы 3 қаңтарда тиісті өзгерістер қабылданды. Заң жобасын әзірлеуші Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Жұмыс тобының құрамына әділет министрлігі, ұлттық экономика министрлігі, қаржы министрлігі, бас прокуратура, ұлттық қауіпсіздік қызметі, ішкі істер министрлігі, төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық банк, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, көлік министрлігі және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері кірді", – дейді агенттік.
Енді агенттік жемқорлыққа қарсы саясатты әзірлеумен және оны іске асырумен айналысады. Сондай-ақ осы саладағы мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіреді, жемқорлықтың себептерін азайтуға күш салады және қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға жауап береді. Ал мемлекеттік басқарудың сапасын бағалау агенттіктің міндетіне кірмейді.
Қазақстанды дүр сілкіндірген оқиға: Өзінен 12 жас үлкен әйелмен некелескен Кристина Чернышева оның қолынан қалай көз жұмды