Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Биыл Түркістан облысының ауылдарына ең көп қаражат жұмсалған

Биыл Қазақстанда ауылды жерлерге бюджеттен ең көп ақша жұмсаған облыс анықталды! Ол Түркістан. Бірақ, бұл ресми статистика емес. "Transparency Kazakhstan" үкіметтік емес ұйымы жүргізген зерттеулердің нәтижесі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеп хабарлайды.

ақша

Сонымен 2020 жылы Транспаренсидің пайымынша ең ысырапшыл облыс ретінде Түркістан танылған екен. Осы өңірдегі ауылдар, ауылдық округтар, кенттер, қалалар бәрінің шығынының басын қосқанда 25,9 млрд теңгеге жетті.

Екінші орынды 18,4 млрд теңгемен Алматы облысы еншіленсе, Жамбыл облысы 12 айда 11 млрд теңгені жаратып, үшінші орынға жайғасқан. Ал, Солтүстік пен Шығыс Қазақстан облыстары үнемшіл өңірлердің қатарына кірді. Әуелгісі бір жылда 2, ал екіншісі бар жоғы 1,6 млрд теңгемен қош айтысыпты.

Түркістан облысы - 25,9 млрд тг, Алматы облысы - 18,4 млрд тг, Жамбыл облысы - 11 млрд тг, Солтүстік Қазақстан - 2 млрд тг, Шығыс Қазақстан -1,6 млрд тг. Десе де, бұл ақпараттар қаншалықты шындыққа жанасады деп, Түркістан мен Алматы облысы әкімдіктеріне хат жолдадық. Әуелгісі тек облыс бюджетінің жалпы көлемін көрсетумен шектелсе, ол 878,6 млрд тг.

Алматы облысындағы ауыл-аймақтардың шығыны 2019 жылы 22,5 млрд теңгені құрапты. Дәл осы зерттеуді жүргізген "Transparency Kazakhstan" ұйымы болса былтыр бұл өңірдің шығынын 20 млрдқа жуық деп көрсеткен. Бұл ресми ақпардан 2 млрдқа ғана аз!

Ұйым ұсынған зерттеуге сенсек ақшаның басым бөлігі ауыл аппаратын күтіп ұстауға кеткен. Яки әкімдік қызметкерлерінің жалақысы, коммуналдық шығындар мен олар мінетін көліктер тағысы тағы. Ақшаны әкімдік өкілдері әкімшілік ғимараттарды жөндеуден өткізу жұмыстарына да аямаған. Содан кейін ғана көшені жарықтандыру мен елді мекендерді аббаттандыру жұмыстарына көңіл бөлініпті.

Десе де, бұл тізімнен бірінші кезекте жол құрылысы, елді мекенді ауыз сумен қамту секілді халық үшін маңыздырақ міндеттер байқалмайды. Қоғам өкілдері жергілікті жерлерде қазына қаражатын тиімді пайдаланбау проблемасы бар екеніне сенімді.

"Әрине ең бірінші жаңағы мәслихаттағы, мәжілістегі депутаттар белсенді болып, бюджеттің дұрыс жұмсалуын қадағалау керек. Белгілі қаражат дұрыс жұмсалмаса әкімшілік шенеунігі басқасы заң алдында жауап беруі керек. Жергілікті басқару заңын қабылдатуымыз керек. Тек қана бір әкімнің мойынына ілмей қоғамдық институт, мәслихат институтының белсенділігін арттыру керек жергілікті жерде. Солай ғана біз оларды басқара аламыз", - дейді қоғам белсендісі Азаматхан Әміртай.

2018 жылдан бері Қазақстанда бюджеттің төртінші деңгейі қағидасы қолданылады. Ол бойынша халық саны 2 000-нан асатын ауыл тұрғындары өз елді мекендерінің бюджетін өздері бекіте алады. Десе де, іс жүзінде қазақстандықтар бұл мүмкіндікті пайдалану тұрғысына келгенде әлі де белсенді емес екендігін уақыт көрсетіп отыр.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 14 Желтоқсан, 2020 17:57
Талқылау