Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Биыл оқушыны мектепке дайындау қаншаға түседі: Stan.kz тілшісі ең арзан мектеп формасын қайдан табуға болатынын анықтады

Тамыз айында ата-аналар баласын жаңа оқу жылына дайындап, дәптер-қаламы, мектеп формасын түгендейді. Орта есеппен бір оқушыны мектепке дайындау үшін ата-ана 70 000-100 000 теңге жұмсауы тиіс. Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ABDI сауда үйінде өтіп жатқан мектеп жәрмеңкесіне барып, зерттеу жүргізді. Қазақстандық өндірушілердің мектеп формасының бағасы аспандап тұрғанын байқаған тілшіміз отандық компаниялардың өнімі неге қымбат деген сауалға жауап іздеді.

костюмдер

Мектеп формасын тігетін отандық өндірушілер саны жыл сайын артып келеді. Бірақ сатылымы аз. Өйткені оларды базардағы Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Ресей елдерінің өндірушілері басып озып тұр. Неге? Өйткені салыстырмалы түрде қарасақ, бағасы қолжетімді. Жыл сайын мектеп формасының нарықтық көлемі 37 мың млрд теңге. Дегенмен отандық өндірушілер оның 7%-ы ғана құрайды екен. Сонда қалған 93%-ы қырғыз, ресей және түрік, қытай өндірушілерінің мектеп формасын киетін болып тұр.  
Қазақстандық «Сымбат», «Angelcher», «Glasman» мектеп формаларының бағасы аспандап тұр. Бұл баға кез-келген ата-ананың қалтасын көтермейтіні анық.

жігітБірақ ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худованың айтуынша, Қырғызстан, Қытай және Түркиядан әкелінетін мектеп формалары Қазақстанға ешқандай салық төлемейді. Сол үшін де олардың бағасы отандық өніммен салыстырғанда арзанға түседі екен. Қолжетімді болғанымен, шеттен әкелінген мектеп формаларының матасы 100% синтетикадан тұрады дейді. 

«Түркиялық компанияның мектеп формасы 100% синтетикалық матадан тұрады. Оның бағасы – 25 000 теңге. Ал өзіміздің елде өндірілетін киімнің бағасы – 17 мың теңгеден басталады. Жалпы мектеп формасының жыл сайынғы нарықтық көлемі 37 мың млрд теңгені құраса, оның  7%-ын ғана отандық өндірушілер құрайды. Яғни, көптеген ата-аналар мектеп формасын тігетін қазақстандық өндірушілердің барынан хабарсыз. Сол үшін де көпшілігі қырғызстандық, қытайлық, түркиялық өндірушілерінің мектеп формасын алады», – дейді Любовь Худова.

мектеп киім

Алматы қаласының Білім департаменті қабылдауынан өткен еліміздегі ірі сауда үйі «Сымбат» ұл және қыз балаларға мектеп формасын тігеді. Қаладағы «Сымбат» сауда үйінің заңгері Рашида Нұрсұлтанованың айтуынша, «Сымбат» мектеп формасы түгелімен емес, бір-бірлеп сатылады. Сол үшін де бағасы әртүрлі түседі екен. Бірақ бағасының қымбаттылығына қарамастан, мектеп формасын осы сауда үйінен алушылар саны көп дейді. Өйткені мата сапасы жоғары, гипораллергенде, денені қыспайды және қышытпайды, киюге ыңғайлы. Киімнің матасы Түркия елінен әкелінетіндіктен бағасы басқа өндірушілермен салыстырғанда қымбатқа түсетін көрінеді. 

жейде

«Сымбат» сауда үйінің классикалық жакет бағасы – 12 мың теңгеден басталады. Ал қыздарға арналған юбка – 5000 теңгеден жоғары. Сарафан – 8000 теңге болса, шалбары – 5000 теңдеген жоғары бағаланған.  Ұл балаларға арналған пиджак – 11 мың теңгеден жоғары болса, жейде – 4500 теңгеден басталады. Шалбары – 6600 теңгеден ары қарай. Яғни, осының барлығын қосқанда балаңызға «Сымбат» сауда үйінің мектеп формасын алу үшін кем дегенде қалтаңызда 20 мың теңгеден аса ақша болуы керек. 

киім

Келесі GLASMAN компаниясы Қазақстан және Ресей елдерінде 18 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Бұл компанияның да оқушыларға арналған мектеп фомасының бағасы ушығып тұр. Мысалы, мектеп формасының орташа бағасы – 17-18 мың теңгеден басталады. Ал ересек балалар формасы – 20 мың теңге. Егер жеке қарастырып шықсақ, қыздар мен ұлдарға арналған жакет пен пиджак – 11 мыңнан 20 мың теңгеге дейін жалғасады. Шалбар – 6000 теңгеден басталады. Ал жилет 4500 теңгеден, жейде 4000-5500 теңгеге дейін барады. Қыздарға арналған сарафан бағасы – 8000 теңге, юбка – 5000-7000 теңге екен.

киімдер

Мектеп формасы жәрмеңкедегі сатушы Вероника Павлованың айтуынша, GLASMAN киімдері басқа қазақстандық өндірушілермен салыстырғанда бағасы арзан. Сондықтан да көп ата-аналар осы компанияның мектеп формасын таңдайды дейді. Одан бөлек матасы аллергия тудырмайды, ұялы телефонның ультра сәулесінен қорғанышы бар. GLASMAN компаниясының Қазақстанда өз тігін цехы Талғар қаласында орналасқан.

форма

Қазақстандық Angelcher компаниясы болса, 15 жылдан бері мектеп формасын тігіп келеді. 2012 және 2017 жылдары «Қазақстандағы үздік тауар» конкурсында бірінші орын алған. 

мектеп форма

28-34 өлшемдегі ұлдардың костюм бағасы – 19 000 теңге болса, одан үлкен өлшемдері – 22 мың теңгеге барады екен. Пиджак – 12 мыңнан 14 мың теңгеге дейін жалғасады. Ал шалбар – 7000-8000 теңге. Қыздар мен ұлдарға арналған жилет 4500-6000 теңге көлемінде. Ал қыздар костюмі 22 мыңнан 27 мың теңгеге дейін. Сарафан – 10000 теңге, ал юбка – 5000-7000 теңгеге дейін. Жакет – 11000-13000 мың теңге болса, жейде – 5000 теңгеден басталады екен. 

Яғни, алдыңғы өндірушілердің бағасымен салыстырғанда Angelcher мектеп формасы қымбатқа түсіп тұр. 

костюм

«Мата сапасы жоғары. Мектеп формасы әр жыл сайын жаңарып отырады. Қыздарға арналған 25 түрлі юбка түрі бар. Мектеп формасы төменгі және жоғары сыныптарға арналып тігіледі. Сондай-ақ, толық немесе бойы қысқа балалар да өз өлшемдерін таба алады. Яғни, қатып қалған өлшем жоқ. Мектеп формасының бағасы бәсекелестермен салыстырғанда бірдей. Арзан немесе қымбат емес. Бірақ бағасы сапасына сай», – дейді сатушы Марина Подсук.

хердал

Жалпы, елімізде мектеп формасын тігетін 17 кәсіпорны бар. Мысалы, оның ішінде HERDAL және жақында ғана ашылған ASIA компанияларын айтуға болады. Бұл екі компания да мектеп формасының матасын түрік елінен әкеліп, тігеді екен. Сапасы мен бағасы басқа да қазақстандық өндірушілермен сәйкес.

форма

Дегенмен, қалтасы қалың емес көптеген ата-аналар аты бар компаниялардың мектеп формасын алғаннан гөрі, базардан алу жеңіл түсетінін айтуда. 

 

Дайындаған: Анар ДӘУКЕН

Талқылау