Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Биыл елімізде энергетика саласына 900 миллиард теңге инвестиция тартылмақ

Фото: freepik.com

Премьер-министр Олжас Бектенов өткен жылы Қазақстанда энергия тапшылығы 29%-ға төмендегенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Премьер-министрдің мәліметінше, биыл 2,6 ГВт дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері іске қосылады. Бұл келесі жылдың бірінші тоқсанында энергия тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. 

Олжас Бектенов елімізде электр энергиясының тапшылығы сақталып отырғанын, ол ең жоғары жүктеме кезеңдерінде импорттың есебінен жабылатынын айтты. 

“Өткен жылы тапшылық 29%-ға азайғанымен, ауқымы әлі де үлкен. Жаңа тариф саясатының нәтижесінде реттеліп көрсетілетін қызметтердегі әділ нарықтық жағдайлар қалпына келіп жатыр. Қазір болжамды тарифтер ТКШ саласына жеке инвестицияларды қайта тартуға жол ашты. Мысалы, өткен жылы энергетика саласына 655 миллиард теңге инвестиция тартылса, биыл бұл көрсеткіш шамамен 900 миллиард теңге деңгейінде болады деп күтіліп отыр. Жалпы алғанда, 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру көлемі 39 миллиард киловатт-сағатқа ұлғаяды”, – деді Олжаса Бектенов.

Энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге және өсіп келе жатқан қуат тапшылығын жабуға арналған стратегиялық жұмысты жүзеге асыру шеңберінде Үкімет 2035 жылға дейін 26 ГВт-тан астам жаңа өндіруші қуаттарды енгізу бойынша кешенді жұмыс жүргізуде, оның ішінде атом және "таза" көмір генерациясын дамытуға баса мән беріледі.
 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 10:57