Биыл 1-сыныпқа 400 мың бала барады: Олардың 70%-ы қазақ тілінде оқиды
Оқу-ағарту министрлігінің болжамына сәйкес, жаңа оқу жылында 405-410 мың бала мектеп табалдырығын аттайды. Кей деректерге сәйкес, былтыр 380 мың бала 1-сыныпқа барған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінгі таңда балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін 390 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Олардың 70%-ы мемлекеттік тілде оқуды таңдады.
Бірінші сыныпқа бару үшін өтініштер 1 сәуірден бері қабылданып жатыр. Құжат қабылдау 2022 жылдың 1 тамызында тоқтатылады. Әрі қарай мектептерге сыныптар ашу және оқу процесін ұйымдастыру үшін уақыт беріледі.
"Құжат қабылдаудың аяқталуына бірнеше күн қалды. Айта кетейік, 1 сәуірден бастап 4 ай көлемінде біз БАҚ, әлеуметтік желі арқылы құжаттарды 1 тамызға дейін өткізу керек екенін хабарладық. Әлі құжат өткізбегендер 1 тамызға дейін үлгеруі керек. Қазір мемлекеттік білім беру қызметтері электронды нұсқада қол жетімді, сондықтан өтінішті egov.kz порталы арқылы жіберуге болады. Ата-аналардың қалауына қарай құжатты дәстүрлі қағаз түрінде де өткізе алады", – деді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Каримова.