БҒМ құрылымындағы қызметкерлер 4 еселенген жалақы көлемінде сыйақы алған
Білім және ғылым министрлігінде жүргізілген ішкі тексеріс барысында ведомствоға қарасты ұйымдарда қызметтерді қайталау, негізсіз қомақты сыйақылар, тым үлкен бөлмелерді жалға алу деректері анықталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіндегі отырыста мәлімденді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде Алик Шпекбаевтың төрағалығымен білім және ғылым министрлігін оңтайландыру мәселесі бойынша жұмыс отырысы өтті.
Аталған кездесу аясында Adal Bilim жобалық кеңсесінің әкімшісі Сергей Пен квазимемлекеттік сектордың сарапталатын субъектілерінің мақсаттары мен міндеттерін саралау нәтижелері бойынша олардың кейбір функциялары БҒМ департаменттерінің функцияларын қайталайтыны, сондай-ақ мемлекеттік қаржыландырудың бұрынғы көлемі жағынан қарағанда кейбір ұйымдардың функцияларының өзектілігін жойғаны анықталғанын мәлімдеді. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырмаларды тиімсіз іске асыру белгілері анықталды.
Сергей Пен қызметкерлерге негізсіз сыйақылар берілгені туралы деректер анықталғанын айтты. Оның сөзінше, білім министрлігіне қарасты кейбір ұйымдарда сыйақы мөлшері жұмысшының 4 есеге дейінгі жалақысының мөлшерін құраған.
Өз кезегінде отырысқа қатысушылар тиімсіз пайдаланылған қаражатты босатуға мүмкіндік беретін оңтайландырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл, сәйкесінше, министрлік қызметкерлеріне, әсіресе аумақтық бөлімшелердің қызметкерлеріне, бәсекеге қабілетті жалақы төлеуге және олардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.