Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бейтаныс қызға бүйрегін берген: Жәмилә мен Абзал тағдырдың жазуымен танысып, бір отбасыдай болып кетті

2014 жылдың желтоқсанында 25 жастағы Жәмиләнің қос бүйрегі қатар істен шыққан. Содан бері бойжеткен аптасына 3 рет 4 сағаттан гемодиализ аппаратына таңылып жүрді, деп хабарлайды Қазақпарат.

Көптен күткен ота Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығында жасалды.

Қайырымды жігіт Жәмилә Байсерікова туралы теледидардан көрген. Жәмилә мен Абзал тағдырдың жазуымен танысып, 3 ай бойы мұң-мұқтажын бөлісіп, бір отбасыдай болып кетті.

Жамиләнің анасы Құрмангүл Қалмырзаеваның айтуынша, 3 жыл ішінде көп қиындық көрген.

«Қызымның қан қысымы 220-дан түспей қойды. Бір күнде 3 рет жедел жәрдем шақырған кез болған. Дәрігерлер бүйрек ауыстырса, үміт бар деген соң, барлық телеарнадан көмек сұрай бастадым. Донор табылмады. Бүйрек берем деген ағайынның қан тобы сәйкес келмеді. Жападан жалғыз жүр едім, Абзал келгелі көзіміз ашылды», – деді анасы.

Жәмилә мен Абзал Шымкентте толық медициналық тексеруден өтті.

«Қан тобы талдаулары сәйкес келсе екен деп, Аллаға қайта-қайта сыйындым», – дейді  қыздың анасы.

Сөйтіп, араға 3 ай салып, қазанда көптен күткен ота жасалды. Абзал мен Жәмила ауруханадан шықты. Қазір ол гемодиализге барып жүрген жоқ. Тамақ ішіп, ақырын өздігінен қозғала бастады. Қызының бетіне күлкі жүгіргенін көрген ана да бақытты.

Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Алмалы ауылының тумасы Абзал Әділовпен тілдесудің де сәті түсті. Алғашында Абзал «Жан жылуы» бағдарламасынан бүйрекке мұқтаж қызылордалық Жанар деген келіншекті көріп, оған көмектескісі келіпті. Кейін оған күйеуі бүйрек беретін болған соң, жағдайы одан да қиын Жәмиләға көмек беремекші болған. Осылайша, Жәмиләмен сөйлесіп, қан тобының бір екенін білген.

«Жаным ашыды. Ақшалай болса да көмектессем деп телефондарын жазып алғанмын. Үйге келген соң ойландым. Ақша берсем, уақытша ғана көмегім тиер. Одан да басқа жолын қарастырайын дедім. Отбасында жалғыз бала болғасын, ата-анам ота жасатуыма әрең көнді»,- дейді батыр жігіт.

Ота 5 сағатқа созылды. Бүйрек алуға  2 сағат, Жәмиләға салуға 3 сағат кетті.

«Жәмиләнің орнында кім болса да көмектесер едім. Бүйрекке мұқтаж кез келген адамға өмір сыйлап, үмітін жалғасам деген ой болды. Ота жұма күні жасалды, дүйсенбіде шықтым», – дейді Абзал Әділов.

Абзал Жәмиләмен 3-4 ай қатар жүріп, бір отбасындай болып кеткендерін және болашақта да ағалы-қарындас ретінде араласып тұратындарын айтты.

Тағы да оқыңыз:

Оралда саунаның төбесіне шығып ойран салған қызды арқанмен байлап түсірді

Қостанай облысында 20 келі көмір ұрлаған әйелді соттады

Елбасының Өзбекстан мен Қырғызстанның бұрынғы президентімен боулинг ойнаған сәті жарияланды (видео)

Талқылау