Бейтаныс жігіттерден қорыққан әйел сәл болмағанда Үлкен Алматы өзеніне батып кете жаздады
Фото: Динара Егеубаеваеның желідегі парақшасынан / Видеодан скрин
Алматылық әйел ешкімге сенбей, әр бейтаныс жаннан секем алып үйреніп кеткенін жазды. Айтуынша, дәл осындай күдікшіл болуынан Үлкен Алматы өзенінде сәл болмағанда суға батып кете жаздаған. Бейтаныс жігіттерден қауіптеніп, олардан алыстау үшін өзеннің екінші жағына өтпек болғанда суға түсіп кеткен. Абырой болғанда, сол жігіттер көмекке келіп, оны аман алып шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматылық Динара Егеубаева итін ертіп өзен жағасында серуендеп жүрген кезде кенеттен суға батып кете жаздады. Бұл оқиға оның айналадағы адамдарға, қоғамға деген сенімнің жоғалғанын терең ұғынуына себеп болған.
"Итіммен өзен жағасында серуендеп жүргенбіз. Айналада ешкім жоқ. Кенеттен үш жас жігіт пайда болды. Бірден сәл секем алып, сақтық үшін қарсы жағаға өтуді ұйғардым. Донды қолыма алдым да, суға кірдім. Бір кезде аяқ астындағы құм иіріп, кеудеме дейін суға баттым. Төмен тартып барады. Ағыс та бар. Бірақ әлі қимылдай аламын. Донды таяз жаққа лақтырып үлгердім. Шығардым. Қарасам, әлгі жігіттер маған қарай жүгіріп келеді. Қолдарында менің суға түсіп кеткен крокстарым бар. Өздері де шошып қалған. "Жақсысыз ба, бәрі дұрыс па?" деп сұрап жатыр. Мен болсам, су-су күйімде тұрмын, әлі не болғанын ұғынып үлгермегенмін. Бірақ оларға шын жүректен қуандым", – деп жазды Динара Егеубаева.
Осы оқиғадан кейін әйел күні бойы ойланып, қазіргі қоғамда бір-бірімізге деген сенімнің азайып кеткенін, ал мұның дұрыс емес екенін түсінген.
“Жақсы жігіттер болып шықты. Күні бойы ойланып жүрмін. Бізді осы жағдайға не жеткізді? Әлде өзімізден бе? Бір-бірімізге мүлде сенбей кеткенбіз. Бұл дұрыс емес қой”, – деп қынжылды әйел.
Ал төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға Үлкен Алматы өзенінде шомылу аса қауіпті екенін ескертті. Әсіресе, Төле би көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі, яғни өзен Сайран көліне құятын тұста шомылуға қатаң тыйым салынған дейді олар.
"Сіз бұл жерде біреулердің шомылып немесе кілем жуып жатқанын талай көрген боларсыз. Бірақ бұл аумақтың қауіпті екенін және мұнда суға түсуге тыйым салынғанын білесіз бе?" – делінген ТЖД хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, өзеннің ағысы аса қатты. Бір сәтте-ақ адамды ағызып әкетіп, көмек сұрауға да үлгертпей қалуы мүмкін дейді.
Осыны еске салу мақсатында Әуезов ауданының ТЖ басқармасы мен аудан әкімдігі өзен бойына үлкен әріптермен "Шомылуға тыйым салынған!" деген ескерту жазбаларын жазып шыққан.
"Бір сәттік салқындау үшін өміріңізді қатерге тікпеңіз. Өз қауіпсіздігіңізді ойлаңыз!" – дейді ТЖД өкілдері.
Қырғызстанда 21 жастағы қазақстандық боксшы көз жұмды
Қапшағайда әйел депутаттың көз алдында суға кетті: Жағажайда құтқарушылар мен дәрігерлер болмаған
Еске салайық, бұған дейін Сайран көлінде бір күнде екі адам суға кеткенін жазған едік. Алдымен 25 маусым күні күндіз 17 жастағы жасөспірім суға батып, көз жұмды. Артынша кешкі сағат 19:26 шамасында 1977 жылы туған ер адамның мәйіті судан табылды. Куәгерлердің айтуынша, екінші қайтыс болған азамат алкогольдік мас күйінде, шомылуға тыйым салынған аумақта суға түскен. Алматы төтенше жағдайлар департаменті Сайран көлінде барлық құрылыс және санитарлық жұмыстар толық аяқталып, нысан ресми түрде пайдалануға берілгенге дейін шомылуға қатаң тыйым салынатынын ескертті.